Қазақстанда қыркүйек айының атауына қатысты дау қайта қыза түсті. Әлеуметтік желіде оқулықтарда кездесетін «қыргүйек» нұсқасының дұрыстығы талқыланып, бір тарап оны қате деп санаса, енді бірі қолданыстағы тіл нормаларына сәйкес екенін алға тартуда, деп хабарлайды kznews.kz.
Бұл мәселе жуырда қызметіне кіріскен вице-президент Ерлан Қариннің де назарына іліккен. Ол дауға нүкте қою үшін тіл мамандары мен ғалымдармен кеңес өткізген.
Қариннің айтуынша, «қыркүйек» пен «қыргүйек» нұсқасына қатысты мәселе тек филологтар мен әдеби ортаға ғана қатысты емес. Қазақ тілі мемлекеттік тіл болғандықтан, оның дұрыс қолданылуы мемлекеттік мекемелердің күнделікті жұмысына да тікелей әсер етеді.
«Қазақ тілі мемлекеттік тіл болғандықтан, оның дұрыс қолданылуы мемлекеттік аппараттың күнделікті жұмысына да тікелей қатысты. Қазір қазақ тілі кеңсе тіліне айналды. Сондықтан мұндай мәселенің бір ұшы бізге де тиетіні рас», – деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасында.
Вице-президент мемлекеттің нақты бір сөздің жазылуын ғалымдардың орнына шешпеуі керек екенін атап өтті. Оның пікірінше, мұндай мәселелердің ғылыми тұрғыдағы шешімін тіл мамандары қабылдауы қажет, ал мемлекеттік органдар қажетті жұмысты ұйымдастырып, үйлестіруге тиіс.
Осы мақсатта Қарин ғалымдар мен жауапты мамандарды жинап, мәселені талқылаған. Кездесу қорытындысында қазақ тіліндегі сөздердің дұрыс жазылуын нақтылау үшін жаңа орфографиялық сөздік әзірлеу қажеттігі туралы шешім қабылданған.
Осылайша, «қыркүйек» пен «қыргүйек» нұсқалары төңірегіндегі пікірталастың түпкілікті шешімі жаңа орфографиялық сөздік пен тіл мамандарының ғылыми тұжырымдарына байланысты болмақ.