Айлық түскен күні көңіліміз қуанып, картамыз қомақты қаржыға толып қалады. Бірақ ол үміт ұзаққа бармайды. Дүкен есігінен кіргенде-ақ күдік күшейеді, кеше қолжетімді болған азық бүгін қолды қағады. Баға тағы өскен. Ұлттық статистика бюросының дерегіне сүйенсек, 2025 жылы азық-түлік тауарларының бағасы орта есеппен 7%-дан астам қымбаттаған, ал жекелеген өнімдерде бұл өсім 10–15%-ға дейін жеткен. Алайда жаңалықтардан «инфляция баяулап келеді» деп жар салуда. Ресми мәлімет бойынша, жылдық инфляция 5,2% деңгейінде тіркелген. Осы екі арада бір сәйкессіздік бар сияқты. Бірі — есептің сөзі, бірі — елдің күйі, деп хабарлайды kznews.kz.
Инфляция статистикада – пайыз. Ал тұрмыста “мынаны бүгін алу керек, мынаны кейінге қалдырамын” деген екі ойлы таңдау. Бір отбасы үшін ол кешкі асқа жылқының етін жеу немесе жеңіл-желпі тауық етімен қуырмаш жасай салу, ал кейбіреуі үшін дәрі сатып алу немесе оны да кейінге қалдыру мәселесі. Экономистердің бағалауынша, орта және төмен табысты отбасылар қаржысының 50–60%-ы күнделікті тұтынуға, негізінен азық-түлікке жұмсалады. Бұл – қисынға келмейтін, бірақ өмірдің өзінен алынған шындық.
Экономист Айдос Сарымбеков мұны «екі түрлі өлшемнің қайшылығы» деп сипаттайды:
«Ресми инфляция орташа көрсеткішке негізделеді. Ал халықтың нақты тұтыну себеті одан бөлек. Сондықтан адамдар қымбатшылықты қаттырақ сезінеді. Әсіресе орта және төмен табысты топтар үшін инфляция әрдайым ауыр тиеді», – дейді ол.
Соңғы жылдары жалақы өсті деген мәлімдемелер жиілеп кетті. Расында, 2025 жылы орташа атаулы жалақы 12%-дан астам өскен. Алайда бұл өсімнің берекесі шамалы боп тұр. Қағазда табыс артқанымен, нарықта сол ақшаға алатын дүниенің көлемі кеміді. Инфляцияны ескергенде, нақты жалақы өсімі небәрі 2–3% шамасында ғана. Яғни, сан бар, сапа жоқ. Экономикалық тілмен айтқанда, нақты табыс құлдырап отыр. Ал халық оны «айлық жетпейді» деген бір ауыз сөзбен түйіндейді.
Инфляциямен күрес жолында мемлекет пайыздық мөлшерлемені көтеруге басымдық берді. Қазір Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесі 14,5% деңгейінде. Бұл — классикалық тәсіл. Бірақ оның “салқынын” қарапайым халық әлдеқайда тез сезінеді: кредит қымбаттайды, бизнеске қысым күшейеді, ал баға болса, ырқына көнбей, өз бетінше “бір әлем” боп барады. Қысқасы, экономикада тежеу бары, ал базарда тізгін жоқтығы қынжылтады.
Қаржы талдаушысы, макроэкономика маманы Дана Құсайынова бұл жағдайды құрылымдық мәселе деп санайды:
«Қазақстан инфляциясының табиғаты — импортқа тәуелді. Біз тұтынатын тауардың 60–70 пайызы сырттан келеді. Валюта әлсіресе, баға өседі. Бұл жерде пайыздық мөлшерлеме емес, өндіріс пен логистика шешуші рөл атқаруы керек», — дейді сарапшы.
Шынында да, ішкі өндіріс әлсіз болған жерде нарық өз дегенін істейді. Бағаны тежейтін бәсеке де, балама да аз. Сондықтан инфляция бүгін де тек қаржы саясатының емес, экономиканың жалпы бағытының айнасына айналып отыр.
Ең қауіпті әрі қорқынышты дүние – қоғамның қымбатшылыққа бой үйрете бастауы. Баға өссе таңғалмаймыз. «Бұрынғыдай болмайды» деген ой санаға сіңіп барады. Бұл – үнсіз келісім. Ал үнсіздік өзгеріс әкелмейтіні хақ.
Инфляцияны тек диаграмма яки есеп арқылы емес, халықтың күнделікті тынысымен өлшейтін кезеңге жеттік. Себебі экономика – есепшінің үстелінде емес, қарапайым адамның қалтасында тіршілік етеді.
Сонда жауапсыз қалған сауал туындайды. Біз қымбатшылықпен күресіп жүрміз бе, әлде соған бейімделіп, көндігіп барамыз ба?