Құралайдың салқыны: Қазақстандағы киік саны 4,5 миллионнан асты
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

Құралайдың салқыны: Қазақстандағы киік саны 4,5 миллионнан асты

Құралайдың салқыны: Қазақстандағы киік саны 4,5 миллионнан асты
Фото: ашық дереккөздерден

Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, ел аумағында киік саны өсіп келеді. Биылғы көктемгі әуе санағының қорытындысына қарағанда ақбөкендердің жалпы саны 4 миллион 689 мың басқа жеткен.

Бұл цифр киіктердің өткен жылмен салыстырғанда 17,9 пайызға көбейгенін білдіреді. Жалпы, ең жоғары өсім Үстірт популяциясында тіркеліпті. Осы өңірдегі киік саны бір жылда 52,6 пайызға артып, 119 мың басқа жетті. Ал Орал популяциясы 2,7 миллион басқа дейін көбейіп, 17,4 пайыздық өсім көрсетті. Бетпақдала популяциясының саны да 1,87 миллионға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 16,9 пайызға артқан көрінеді.

Дегенмен, сараптамаға сәйкес мамандар соңғы жылдары киік санының қарқынды өсуі баяулағанын айтады. Әсіресе, елдегі ең ірі екі популяция - Орал мен Бетпақдала өңірлеріндегі өсім бұрынғы көрсеткіштерден төмен.

Бұған бірнеше фактор әсер етуі мүмкін. Біріншіден, өткен жылы киік санын реттеу мақсатында шамамен 196 мың бас ақбөкен ауланған. Екіншіден, 2025-2026 жылдардағы қолайсыз қыс мезгілі жануарлардың өлім-жітімін арттырған.

Соған қарамастан, Қазақстан әлемдегі киік популяциясының негізгі мекені болып қала береді. Мамандардың бағалауынша, бүгінде жер шарындағы ақбөкендердің басым бөлігі Қазақстан аумағында мекендейді. Әрине, киік санының көбеюі табиғатты қорғау шараларының тиімділігін көрсеткенімен, ендігі міндет жануарлар дүниесін сақтау мен ауыл шаруашылығы мүдделері арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз ету болып отыр.

Автор
Қалмаханбет Мұқаметқали

Қалмаханбет Мұқаметқали, журналист. І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің түлегі. Журналистикада 33 жыл еңбек етуде. Еңбек жолын аудандық газетте бастап, республикалық басылымдарда басшылық қызметтер атқарған.