Пекин Олимпиадасының қола жүлдегері Еркебұлан Шыналиев Түркияға баруына қатысты даулы мәлімдеме жасап, қоғамда қызу талқыланған оқиғаның жаңа қырын ашты. Спортшының айтуынша, ол Стамбұлға өз еркімен емес, Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитетінің тапсырмасымен барған, деп жазады Todayinfo агенттігі.
Бұған дейін Шыналиев Түркияда жүрген қазақ қашқындарынан қысым көргенін, орманға апарып, басына тапанша тақап қорқытқанын айтып, құзырлы органдардан көмек сұраған еді. Алайда кейінгі видеоүндеуінде боксшы бұл сапардың астарында арнайы құпия тапсырма болғанын мәлімдеді.
"Еліміздің Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілдері маған: "Қазаққа аз да болса үлес қосып жүрген, еліне жаны ашитын азаматтар – Иманалиев Нұржан мен Мұқашев Шыңғыстың қасына бар және солармен жақын қарым-қатынаста бол" деді. Сонымен қатар, Стамбұлдағы барлық ақпаратты егжей-тегжейлі біліп, бізге жеткізіп отыр деді. Оларды Қазақстанда кім қаржыландыратынын да анықтап келу тапсырылды.
Ал мені Шымкенттегі ұйымдасқан қылмыстық топтың басшысы Сәбит есімді азамат және МСОК басшысы Егеубаев Ерлан жіберді. Мен 2025 жылдың мамыр айында Стамбұлға бардым. Жол жүру билеттерім мен барлық шығындарымды Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері толықтай көтерді.
Жалпы ҰҚК-ның Иманалиев Нұржанға қатысты білгісі келгені – оның экстремизмге немесе терроризмге қатысы бар-жоғы еді. Сондай-ақ олардың Стамбұлда кімдермен араласатыны, кавказдықтармен, шешендермен байланысы бар ма, яғни араласатын ортасы қандай екені жөнінде ақпарат жинау тапсырылды", – деді Шыналиев.
Осы мәлімдемеден кейін қоғамда "Шыналиев екі тараптың ортасында қалып қойды" деген пікір күшейе түсті. Кей сарапшылар оның құпия ақпаратты ашып қоюы өзіне қарсы салдарға әкелуі мүмкін екенін айтады.
Қоғам белсендісі Торуыл Шоқан (Нұржан Шоқан) бұл жағдайға қатысты пікір білдіріп, спортшының бастапқыда-ақ мұндай ұсыныстан бас тартуы керек болғанын алға тартты. Оның болжамынша, бұл іс енді құқық қорғау органдары үшін үлкен тексеріске ұласуы ықтимал.
"Құпия ақпараттың сыртқа шығуы – барлық құрылымда кездесетін қауіпті құбылыс. Мұндай жағдайлар кейде қарапайым адамдардың тағдырына ауыр соққы болып тиеді", – деп жазды белсенді.
Осылайша, Еркебұлан Шыналиевтің мәлімдемесі ел ішінде тыңшылық, құпия тапсырма және қауіпсіздік органдарының жұмысы төңірегінде жаңа сұрақтар тудырып отыр. Оқиғаның нақты қалай өрбитіні алдағы тергеу мен ресми түсініктемелерден кейін белгілі болмақ.