Әлеуметтік желіде Құлсары қаласындағы Пушкин атындағы №6 мектепте оқушының балта ұстап дәлізде жүгірген сәті түсірілген видео тарады, деп хабарлайды kznews.kz.
Кадрларда балта ұстаған жасөспірім мектеп ішінде өзге оқушының соңынан қуып, ал қорыққан оқушының сыныпқа кіріп тығылғанын көруге болады. Желі қолданушылары жазбасында балта ала жүгірген оқушының 10-сыныпта оқитыны айтылған.
Оқиғаны Атырау облысының полиция департаменті растады. Ресми мәліметке сәйкес, 15 жастағы оқушы екі сыныптасын жарақаттаған.
“5 ақпанда 10-сынып оқушысы сыныптастарымен жанжалдасып, оларға шабуыл жасаған. Екі оқушы жеңіл жарақат алған. 15 жастағы күдікті ұсталып, уақытша тергеу изоляторына қамалды және ішкі істер органдарының есебінде тұр”, – деп мәлімдеді полиция.
Ведомствоның хабарлауынша, қылмыстық іс қозғалып, жасөспірімнің ата-анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
“Материалдар процестік шешім қабылдау үшін білім бөліміне және кәмелетке толмағандар істері комиссиясына жіберілді”, – делінген полиция хабарламасында.