KZNews.kz
Шоу-бизнес

“Құдағи меннен 7 жас кіші”: Жазира Байырбекова жаңа құда-құдағиын таныстырды

Айжан Сыланова
Фото: әлеуметтік желіден

Танымал әнші Жазира Байырбекова әлеуметтік желідегі парақшасында алдағы құдалыққа қатысты жүрекжарды жазба жариялады, деп хабарлайды kznews.kz.

Өнер иесі отбасына білдіріліп жатқан ақжарма тілектерге ризашылығын жеткізіп, болашақ құдалары жайлы жылы лебізін бөлісті. Әншінің айтуынша, болашақ құдағиы Лиза Ахматованың сұлулығына осыдан 15 жыл бұрын-ақ тәнті болған.

«Біздің отбасымызға тілекші болып жатқандарыңыз өздеріңізге де жұғысты болсын. Болашақ құдағиым Лиза Ахматованың сұлулығына осыдан 15 жыл бұрын таң қалғанмын, таң қалмайтын адам жоқ шығар. Құдам да өте сымбатты жігіт, жақында таныстық», – деп жазды ол.

Сондай-ақ әнші болашақ құдаларының өздерінен жас ерекшелігі бар екенін де жасырмады. Айтуынша, құдағиы жолдасы Жанболаттан 11 жас, ал өзінен 7 жас кіші. Олар – ортақ достарының інісі мен келіні.

Желі қолданушылары арасында алдағы тойға қатысты «киітсіз қандай той болады?» деген сауал да қызу талқыланған. Бұл мәселеге қатысты Жазира Байырбекова нақты түсініктеме берді.

«Киітсіз дегеніміз – киілмейтін мата-сата. Ал басқа кәделердің бәрі, яғни қалың мал, ана сүті, алтындар, шапандар, қоржын, әрине, болады. Алла қаласа, сіздердің дұға-тілектеріңіздің арқасында бәрі жақсы өтеді. Рахмет», – деді әнші.

Айта кетейік, өнер иесінің жазбасы әлеуметтік желіде қызу талқыланып, оқырмандар тарапынан көптеген жылы пікірлер мен ізгі тілектерге ие болды.

Айжан Сыланова
2023 жылдан бастап Kznews.kz сайтында тілші қызметін атқарады. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлегі. Аймақтық және интернет-басылымдарда еңбек өтілі бар.
Автордың басқа материалдары →