Қоғам

Қостанай облысында жабайы түлкілер адамдарға шабуылдай бастаған

Қостанай облысында жабайы түлкілер адамдарға шабуылдай бастаған
Фото: gov.kz

Қостанай облысының Жітіқара ауданында елді мекендер маңында жабайы аңдардың жиі көрінуіне байланысты арнайы жұмыс тобы құрылды, деп хабарлайды kznews.kz.
 

Жұмыс тобының негізгі мақсаты – тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ жабайы жануарлардың пайда болуына дер кезінде әрекет ету.

Оқиға 22 қазанда «Эталон» ЖШС аумағында болған. Күзет қызметкері аумақта белгісіз аңды байқап, оны телефонға түсірмек болған. Алайда жануар агрессивті мінез танытып, әйел жарақат алған.

Зардап шеккен адам дереу Жітіқара аудандық ауруханасына жеткізіліп, медициналық тексеруден өтті. Дәрігерлер оған қажетті вакцина егіп, жағдайының тұрақты екенін хабарлады. Госпитализация қажет болмаған.

Кейін осы оқиғаға қатысты бейнежазба бөгде адамдарға таралып, 5 қараша күні әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы кеңінен тарап кеткен. Бұл жағдай тұрғындар арасында алаңдаушылық пен қорқыныш туғызды.

Прокуратураның мәліметінше, қазіргі таңда аудан бойынша төрт азаматтан осындай шағым түскен. Барлық өтініштер бақылауға алынып, тиісті шаралар жүргізілуде.

Тұрғындардан келіп түскен ақпараттарды жедел қабылдау үшін 109 бірыңғай байланыс орталығы тәулік бойы жұмыс істейді.

Ведомство өкілдері азаматтарға қауіпсіздік ережелерін сақтауды ескертті:

«Құрметті тұрғындар! Егер елді мекен аумағында немесе маңында жабайы аңды байқасаңыздар, оларға жақындамаңыздар және өз бетінше әрекет етпеңіздер. Бірден 109 нөміріне хабарласыңыздар. Бұл сіздің және айналаңыздағы адамдардың қауіпсіздігі үшін маңызды», – делінген ресми хабарламада.

Мамандардың айтуынша, жұмыс тобына экология, орман шаруашылығы және төтенше жағдайлар қызметкерлері кірген. Олар жақын маңдағы орман белдеулерін тексеріп, аңдардың қозғалыс бағытын анықтап жатыр. Тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстары да жүргізілуде.

Ұқсас материалдар

Барлығы
KZNews.kz