Қостанай облысында ер адам қызғаныштан әйелі мен ұлын өлтірген, деп хабарлайды kznews.kz.
2025 жылғы 29 қыркүйекте Аманқарағай ауылының тұрғыны, сотталушы Н. түнгі уақытта өз үйінде бола отырып, жұбайы С.-ға қызғаныш сезімін білдіріп, онымен ажырасқысы келмей, арадағы қарым-қатынасты анықтауды шешкен.
Пышақпен қаруланып, жұбайы жатқан бөлмеге бара жатқан кезде сотталушы Н. абайсызда кәмелетке толмаған ұлы Д.-ны оятып алады. Ұлы оны тоқтатуға тырысқан кезде Н. оған бірнеше рет пышақ жарақатын салған.
Осы уақытта жәбірленуші С. оянып, ұлын қорғауға әрекеттенген, алайда сотталушы сол пышақпен оның денесіне бірнеше рет соққы жасаған.
Алған көптеген пышақ жарақаттарының салдарынан сотталушының кәмелетке толмаған ұлы Д. мен оның жұбайы С. оқиға орнында қайтыс болған.
Мемлекеттік айыптаушы соттан сотталушыны екі жәбірленушіні өлтіргені үшін, оның бірі Н.-ның кәмелетке толмаған ұлы болғанын ескере отырып, кінәлі деп танып, оған қылмыстық-атқару жүйесінің төтенше қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтеумен өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
Жәбірленуші қылмыстың ауырлығына қарамастан сотталушыға жеңілдік жасауды сұрады, өйткені анасы мен інісін қайтару мүмкін емес, ал сотталушы оның әкесі болып қала береді.
Сотталушы Н. өз кінәсін толық көлемде мойындамады, сотта ұлы мен жұбайын өлтіру ниеті болмағанын, туыстарына пышақ жарақатын салу кезінде шок күйінде болғанын көрсетті.
ҚР ҚК-нің 99-бабы 2-бөлігінің санкциясы 15 жылдан бастап өмір бойына бас бостандығынан айыруға дейінгі баламасыз жаза түрін көздейді.
Сот сотталушының қылмыстық жауаптылығы мен жазасын ауырлататын немесе жеңілдететін мән-жайларды анықтаған жоқ.
Сотталушының жеке басын, жасалған әрекеттің сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесін, сондай-ақ сот талқылауы барысында анықталған мән-жайларды ескере отырып, сот Н.-ға қылмыстық-атқару жүйесінің төтенше қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтеумен өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Азаматтық талап қойылған жоқ.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.