Қостанай облысы әкімінің орынбасары Гүлбарам Мұсағазина ұсталды. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі Kazinform басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Ақпаратты ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі растады. ҰҚК мәліметінше, облыс әкімінің орынбасары Гүлбарам Мұсағазинаға қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.
Айта кетейік, бұған дейін БАҚ-та тараған ақпаратта облыс әкімінің орынбасарының есімі өңірдегі денсаулық сақтау саласындағы жемқорлыққа қатысты резонансты қылмыстық іспен байланыстырылған еді. Аталмыш іс бойынша Қостанай облыстық денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы Данияр Жандаев, оның орынбасары Ерболат Доспанов және Қарасу аудандық ауруханасының бас дәрігері Владимир Голубев қамауға алынған.
Оларға қатысты емханалар мен ауруханаларға медициналық жабдық сатып алуға байланысты мемлекеттік сатып алулардағы сыбайлас жемқорлық дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.
Сондай-ақ сот кабинетінде істің Қостанай қаласының тергеу сотына түскені туралы ақпарат пайда болды.
Айта кетейік, Гүлбарам Мұсағазина Қостанай облысы әкімінің орынбасары қызметіне 2024 жылдың шілдесінде тағайындалған.
Еске салсақ, бұған дейін Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Жақсылық Омардың ұсталғаны туралы ақпарат тараған еді.