Жаңаөзен қаласында дәрігер Нұрдәулет Аманғалиевтің қаза табуына қатысты тың деректер жарияланды. Алдын ала мәліметке сәйкес, марқұм күдікті тарапынан 21 рет пышақ жарақатын алған. Бұл туралы Arasha.kz хабарлады.
Қайғылы оқиғадан кейін марқұмның қарындасы Меруерт Жамбылқызы әлеуметтік желіде ағасына арнап жан тебірентерлік жазба жариялады.
"Тым көп сынақты бастан өткіздің, қарап отырсам той да көрмепсің. Сондағы ақкөңіл жүрегіңнің бәріне деген көмегіңнен босамадың-ау… Бірге қыдырып үлгермедік. Өзіңді кішкене болсын ойламадың ғой. Балам, отбасым деп жүріп, сондай зұлымдарға тап болғаның-ай! Сенің мейіріміңді пайдаланып істеп отырған істерін ешқашан кешірмейміз! Барлығын! Қош бол ағам, жаның жәннатта болсын", – деп жазды қарындасы.
Марқұмның жақындары бұл қылмыстың оның дәрігер ретіндегі кәсіби қызметіне қатысы жоқ екенін мәлімдеді. Олардың айтуынша, күдіктінің жұбайы ауруханада медбике болып жұмыс істейді, ал қанды оқиға қызғаныштан туындаған тұрмыстық жанжалдың салдары болуы мүмкін.
Марқұмның анасы да қайғысын жасыра алмады.
"21 жерінен пышақтаған. Сау адам солай істей ме? Адам итке де олай жасамайтын шығар. Отырған орнына барып, пышақтап… Бір адам көрмеген бе сонда?" – дейді ол.
Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бекболат Ізбасаровтың айтуынша, дәрігердің мойын, кеуде және қол тұсынан ауыр жарақаттар анықталған. Ірі қан тамырлары зақымдалып, марқұм көп қан жоғалтқан. Дәрігерлер жедел операция жасағанымен, оның өмірін сақтап қалу мүмкін болмаған.
Нұрдәулет Аманғалиев небәрі 29 жаста болған. Артында бір ұл мен бір қызы қалды.