Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да студенттердің жеке мәліметтерінің сыртқа таралу дерегі тіркелді. Ашық қолжетімділікке олардың медициналық анықтамалары, тәртіп бұзушылықтары, аты-жөні мен факультет атаулары жарияланып кеткен, деп хабарлайды kznews.kz.
Аталған құжаттар оқу чаттары мен әлеуметтік желілерде таралған. Алайда бұл мәліметтерді кім және қандай мақсатпен жариялағаны әзірге белгісіз. Университет басшылығы жағдайдан әлеуметтік желілер арқылы хабардар болғанын мәлімдеді.
Ректорат өкілдерінің айтуынша, мұндай ақпараттар ішкі мониторинг үшін жиналады және қатаң түрде құпия болуы тиіс. Бұл деректер тек шектеулі қызметкерлерге ғана қолжетімді болып, төтенше жағдайларға жедел әрекет ету үшін пайдаланылады.
Сондай-ақ студенттердің деректеріне ситуациялық басқару қызметі мен медициналық қызметкерлердің қол жеткізе алатыны айтылды.
Оқиғаға байланысты Алматы қаласының прокуратурасы тексеру жұмыстарын бастады. Тергеу барысында деректердің сақталуына жауапты тұлғалардың әрекетіне құқықтық баға берілмек.