Атырау облысының тұрғындары өңірдегі республикалық маңызы бар автожолдардың жағдайына қатысты наразылықтарын білдіріп жатыр, деп хабарлайды kznews.kz.
Әлеуметтік желіде тараған видеода жергілікті тұрғын Құлсары мен Доссор елді мекендерінің арасындағы жолдың қатты бүлінгенін айтып, проблема көтерді.
«ҚазАвтоЖол Атырау халқын адам-ғұрлы көрмейді. Халықтың жоғын жоқтайтын не басшы жоқ, не халық сайлаған депутаттарымыз жоқ. Атырау облысының бүкіл трассасының тас-талқаны шығып жатыр. Құлсары мен Доссордың арасында жүру мүмкін емес», – дейді тұрғын.
Оның айтуынша, жолдың сапасы жүргізушілерге ғана емес, жолаушылардың қауіпсіздігіне де әсер етіп отыр. Тұрғындар жолдың шұғыл жөнделуін және жауапты мекемелер тарапынан нақты шаралар қабылдануын талап етеді.
Әзірге аталған мәселеге қатысты «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы мен жергілікті атқарушы органдар ресми түсініктеме берген жоқ.
Тұрғындардың айтуынша, жолдардың тозуы көлік құралдарының жиі бұзылуына, жол жүру уақытының ұзаруына және жол-көлік оқиғалары қаупінің артуына себеп болып отыр.