Павлодар, Қарағанды облысы және Түркістан облысы аумақтарында қуаты 1,8 ГВт жел және күн электр станциялары салынады. Бүгін Сенат Қазақстан мен Қытай арасындағы баламалы энергия көздері саласындағы жобаларды іске асыру туралы келісімді бекітті, деп хабарлайды kznews.kz.
Сенатор Ольга Булавкина хабарлағандай, құрылыс 2027–2029 жылдары жүзеге асырылмақ. Қазақстандық инвестор ретінде «Самұрық-Энерго» АҚ қатысады.
Жобаларды іске асыруға 2 млрд доллардан астам инвестиция қажет. Құрылыс кезінде 2 мың жұмыс орны, ал станциялар толық іске қосылған соң 200 тұрақты жұмыс орны құрылатын болады. Жаңа жел және күн стансалары жыл сайын 4,5 млн тонна көмірқышқыл газының шығарындыларын азайтып, орнына 5,7 млрд кВт жасыл энергия өндіреді.
Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов бұл жобалар электр энергиясының тарифін көтермейтінін айтты. Қазіргі баламалы энергия тарифтері дәстүрлі көмір стансаларының деңгейінде сақталған.
«Өткен жылы электр энергиясын өндірудегі баламалы көздердің үлесі 7%-ды құрады. 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш 15%-ға жетуі тиіс. Бұл жоба осы мақсатқа қол жеткізуге септігін тигізеді. Сонымен қатар өндірілген энергияның 30%-ын сақтауға мүмкіндік беретін энергия жинақтау жүйесі орнатылады, бұл артық қуатты қажет кезде пайдалануға мүмкіндік береді», - дейді ол.