Жамбыл облысының Меркі ауылында қайтыс болған жас әйелге қатысты істің мән-жайы анықталып жатыр. Марқұм қайғылы жағдайға дейін құрбысына отбасындағы жанжал туралы айтқан, деп хабарлайды kznews.kz.
Әлеуметтік желілерде сегіз айлық баласы қалған жас әйелдің қазасы туралы жазбалар тарады. Жарияланым авторлары марқұмның құрбысымен хат алмасқан скриншоттарын да көрсеткен.
Ондағы мәліметке сәйкес, қайғылы оқиғадан аз уақыт бұрын әйел құрбысына күйеуімен жанжалдасып қалғанын жазған. Ол жұбайы кішкентай балаға сатып әкелген "Барни" шоколадты бисквитіне байланысты сөзге келіп, өзін ұрып-соққанын айтқан.
Соңғы хаттарында жас әйел ажырасқысы келетінін жеткізіп, құрбысынан қарызға ақша сұраған.
Алайда отбасындағы жанжалдың қайғылы жағдайға қатысы бар-жоғы әзірге ресми түрде расталған жоқ.
Жамбыл облысының полициясы аталған факті бойынша өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу бабымен сотқа дейінгі тергеу бастаған.
Полиция өкілдерінің мәліметінше, қазіргі уақытта болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жарияланбайды.