Жамбыл облысындағы әскери бөлімдердің бірінде қарауыл бастығы оқ жарақатын алып, көз жұмды, деп хабарлайды Kznews.kz.
Әскери қызмет нысанында болған оқыс оқиға салдарынан қарауыл бастығы ауыр жараланған. Болжам бойынша, оны қарамағындағы қызметкер абайсызда атып жіберген.
Оқиғадан кейін зардап шеккен азамат дереу ауруханаға жеткізілген. Алайда дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмаған.
Аталған жайтқа қатысты Ішкі істер министрлігінің Әскери-тергеу департаменті пікір білдіріп, әскерилендірілген күзет құрамындағы азаматтық қызметкердің қаза тапқанын растады.
«Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайы қажетті тергеу әрекеттері мен процессуалдық шаралар толық аяқталғаннан кейін анықталады», – деп хабарлады министрлік өкілдері.