Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Қазақстан мұнайын «Достық» құбыры арқылы тасымалдаудың тоқтатылуына қатысты түсініктеме берді. Оның айтуынша, бұл шешім техникалық себептерге байланысты қабылданған, деп хабарлайды kznews.kz.
Песков «Вести» ақпарат агенттігіне берген сұхбатында Қазақстанның мүддесі толық ескерілетінін атап өтті. Сондай-ақ серіктестерге жеткізілетін мұнай көлемі сақталып, басқа логистикалық бағыттар арқылы қамтамасыз етілетінін жеткізді.
Осыған ұқсас мәлімдемені Ресей вице-премьері Александр Новак та жасады. Оның сөзінше, өзгерістер 1 мамырдан бастап күшіне енеді.
Бұған дейін бірқатар бұқаралық ақпарат құралдары Ресей тарапының шешімімен 1 мамырдан бастап Қазақстан мұнайын Германияға «Достық» мұнай құбыры арқылы жеткізу уақытша тоқтатылуы мүмкін екенін хабарлаған еді. Аталған бағыт арқылы Қазақстан тәулігіне шамамен 200 мың баррель мұнай экспорттап келеді.
22 сәуір күні Қазақстанның Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов бұл ақпаратты ресми емес дереккөздерден білгенін мәлімдеді. Оның айтуынша, ресейлік тарап тасымалдауды тоқтатуды техникалық мүмкіндіктің жоқтығымен түсіндірген.
Министрдің болжамынша, бұл жағдай инфрақұрылымға жасалған шабуылдармен байланысты болуы мүмкін. Әзірге жеткізілім бір айға тоқтатылуы ықтимал деп қарастырылып отыр.
Сонымен қатар, жеткізілмеген мұнай көлемі балама бағыттар арқылы қайта бөлінеді. Биыл «Достық» құбыры арқылы шамамен 3 миллион тонна мұнай тасымалдау жоспарланған, ал 2025 жылы бұл көрсеткіш 2,1 миллион тоннаны құраған. Жалпы Қазақстан жылына 80 миллион тонна мұнай экспорттайды.
Қазақстан мұнайы Германиядағы «Швед» мұнай өңдеу зауытының қажеттілігінің 20–30 пайызын қамтамасыз етеді.