Соңғы уақытта әлеуметтік желіде оңтүстіктен солтүстік өңірлерге қоныс аудару бағдарламасына қатысты түрлі пікірлер айтылып жүр. Өкінішке қарай, олардың арасында көшіп келушілерге қарсы көзқарастар да байқалады. Бұл дұрыс үрдіс емес.
Бұл пайымды белгілі кәсіпкер Сейітжапар Құралбек жеткізді.
- Мемлекет тарапынан қолға алынған бұл бағдарлама аймақтар арасындағы теңгерімді дамытуға бағытталған маңызды бастама екенін ұмытпағанымыз жөн. Бүгінде азаматтар оған онлайн түрде өтініш беріп, «Еңбек» жүйесі арқылы кезекке тұра алады. Қоныс аударушыларға 7 миллион теңгеге дейін қаржылай қолдау көрсетіліп, тұрғын үй мәселесі де қарастырылады.
Бағдарлама аясында Петропавл, Павлодар, Қостанай, Көкшетау, Астана сияқты ірі қалалармен қатар Арқалық секілді өңірлер де қамтылған. Өйткені, бұл аймақтарда ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және су ресурстары жақсы дамыған.
Сонымен қатар түрлі мамандықтар бойынша жұмыс орындары ұсынылады.
Әрине, кез келген өңірдің өз ерекшелігі бар. Солтүстік аймақтың климаты оңтүстікке қарағанда салқындау болуы мүмкін. Алайда бұл бейімделуге болмайды деген сөз емес. Көшіп барған азаматтардың бір бөлігі жаңа ортаға үйренбей, қайта оралып жатқаны да жасырын емес, - дейді кәсіпкер.
Оның сөзіне қарағанда, мұнда басты мәселе тек материалдық емес, сонымен қатар рухани дайындыққа да байланысты. Қоныс аудару – тек тұрғылықты жерді ауыстыру емес, бұл жаңа мүмкіндіктерге қадам. Ең бастысы, өзге елдің аумағына емес, өз территориямызда көшіп жатыр. Қазақстанның әр түкпірі қазақтікі.
- Сондықтан мұндай бастамаларға қарсы пікір қалыптастырудың орнына, керісінше қоғам болып қолдау көрсетуіміз керек. Кіндік қаны тамған мекеннен тірлік қыламын, теріскейді дамытамын деп еңбекке ниеттенген ерден, елден айналып кетпейміз бе?! - дейді Сейітжапар Құралбек.