Қазақстандықтарға Мемлекеттік Туды тұрғын үйлердің балконына, жеке үйлерге және автокөліктерге орнатуға ресми түрде рұқсат берілді. Үкімет мемлекеттік рәміздерді пайдалану қағидаларына өзгерістер енгізіп, азаматтардың патриоттық сезімін білдіруіне қосымша мүмкіндік жасады, деп хабарлайды kznews.kz.
Жаңа қағидаға сәйкес, жеке және заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын елге деген құрметін, қазақстандық бірегейлігін және мемлекет пен оның азаматтарының жетістіктерін қолдау мақсатында ғимараттарға, тұрғын және тұрғын емес нысандарға, оның ішінде балкондарға, сондай-ақ салтанатты іс-шаралар өтетін орындарға орналастыра алады.
Сонымен қатар, туды автокөліктерге де орнатуға рұқсат етілді. Алайда мемлекеттік рәмізді пайдалану кезінде белгіленген талаптарды сақтау міндетті.
Құжатқа сәйкес, балконға ілінетін ту 45 градус бұрышпен бекітілуі тиіс. Ал жеке тұрғын үйлерде ту жерден кемінде үш метр биіктікте орналастырылады. Мемлекеттік ту ұлттық стандарт талаптарына сәйкес болуы, жерге немесе суға тимеуі және жыртылмаған, бүлінбеген күйде сақталуы қажет.
Сонымен бірге Мемлекеттік Туды жарнамалық мақсатта пайдалануға, сондай-ақ тұрмыстық бұйым немесе киім ретінде қолдануға тыйым салынады. Бұл талап спортшылардың ресми спорттық киіміне қолданылмайды.