Қазақстан азаматтарының бір бөлігі мерзімі өтіп кеткен несиелерін табыс деңгейі мен мүлкінің бар-жоғына қарамастан есептен шығаруға мүмкіндік алады. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымова мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Несиені есептен шығару шарттары
Қазіргі талап бойынша қарызды кешіру үшін екі негізгі шарт бар: азаматтың табысы екі ең төменгі жалақыдан (170 мың теңге) аспауы және оның атына тіркелген мүлкі болмауы тиіс. Алайда Әбілқасымованың айтуынша, бұл талаптар несиесі 5 жылдан астам уақыт өтелмеген азаматтарға қолданылмайды.
«Егер берешек 5 жыл немесе одан көп уақыт өтелмей тұрса, бұл екі шарт оған қатысты болмайды. Ол еркін түрде өтініш беріп, табысы мен мүлкі тексерілместен қарызын есептен шығара алады», — деді ол.
Қарыз алушыларды мемлекет өзі анықтайды
Сонымен қатар агенттік басшысы «проактивті банкроттық» тетігі енгізілгенін айтты. Бұл жүйе бойынша мемлекеттік органдар мұндай санатқа жататын азаматтарды өздері анықтайды.
Мұндай борышкерлерді Қаржы министрлігі анықтап, оларға банкроттық рәсімін рәсімдеу туралы ұсыныспен SMS-хабарламалар жібереді.
«Оларға проактивті түрде SMS жолданып, банкроттық рәсімін бастау ұсынылады. Қазір бұл механизмге жүгінетіндер көп емес», — деп толықтырды Әбілқасымова.