Қазақстандықтардың басым бөлігі 2025 жылды қиын өткенімен, алдағы жылға үмітпен қарап отыр. Бұл туралы DEMOSCOPE қоғамдық пікірге жедел мониторинг жүргізу бюросының жыл қорытындысы бойынша жүргізген сауалнамасында айтылды, деп хабарлайды kznews.kz.
2025 жылғы 25 қарашадан 5 желтоқсанға дейін DEMOSCOPE бюросы ел азаматтары арасында «Қазақстандағы 2025 жылғы мейлінше маңызды оқиғалар» тақырыбында зерттеу жүргізген. Жоба MediaNet Халықаралық журналистика орталығы мен PAPERLAB зерттеу орталығының бірлесуі арқылы, Конрад Аденауэр қоры қолдауымен жүзеге асырылды.
Сауалнама нәтижесі өтіп бара жатқан жылдың қоғам үшін оңай болмағанын көрсетеді. Респонденттер арасында үрей деңгейі жоғары, мемлекеттік реформаларға сенім төмен, ал үкіметке күмәнмен қарайтындар аз емес. Әлеуметтанушылардың айтуынша, азаматтарды мазалаған негізгі мәселелер қатарынан екінші жыл қатарынан өзгермеген.
2025 жылы қазақстандықтарды ең қатты алаңдатқан мәселелердің алдыңғы қатарында табыстың төмендігі (40,9%), аса қажет тауарлар бағасының өсуі (35,6%) және жемқорлық (32%) тұр. Бұдан бөлек, денсаулық сақтау жүйесіне қанағаттанбау, қоршаған ортаның ластануы, зейнетақы мен жәрдемақының төмендігі, баспанаға қол жеткізудің қиындығы және жұмыс орындарының жетіспеуі де жиі аталды. Респонденттердің 11,9%-ы ғана «ештеңе мазаламайды» деп жауап берген.
Жылдың ең маңызды оқиғалары туралы сұраққа жауап берген қазақстандықтар спорт саласындағы жетістіктерді жиі атаған. Атап айтқанда, «Қайрат» футбол клубының Чемпиондар лигасына шығуы мен «Реал Мадрид» командасының Алматыда ойнауы (10,8%), спорттағы өзге де жетістіктер, соның ішінде Геннадий Головкиннің World Boxing президенті болып сайлануы мен теннисші Елена Рыбакинаның жеңістері маңызды оқиғалар қатарынан көрінді. Сонымен бірге инфляция, бағаның өсуі, қылмыс пен зорлық-зомбылық та қоғам назарынан тыс қалмаған. Дегенмен респонденттердің 30,6%-ы биыл айтарлықтай маңызды оқиға болмады деп есептейді.
Сауалнама барысында биліктің бірқатар бастамасына да баға берілді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламентті бір палаталы ету жөніндегі ұсынысын респонденттердің 40,4%-ы қолдаса, 30,2%-ы бұл бастама туралы мүлде естімегенін айтқан. Ал Қазақстанда көп әйел алуды заңдастыру туралы ұсынысқа азаматтардың басым бөлігі – 64,2%-ы қарсы шықты. Бұл мәселеде ерлер мен әйелдердің пікірі айқын бөлінетіні байқалған.
Негізгі әлеуметтік салалардың жай-күйін бағалауда экология үшінші жыл қатарынан «нашарлады» деген баға алды (49,4%). Сондай-ақ өмір сапасы мен экономикада кері кету бар деп санайтындар көп. Ал білім беру, заң және қауіпсіздік саласында жағдай жақсарды деген пікір басым.
Соған қарамастан, қазақстандықтардың жалпы көңіл күйі салыстырмалы түрде оптимистік болып отыр. Респонденттердің 62,6%-ы 2025 жылды өзі үшін жағымды өтті деп бағалаған. Оның ішінде 30,9%-ы жылды «өте жағымды», 31,7%-ы «жалпы жағымды» деп атаған. Алдағы 2026 жылға қатысты да үміт жоғары: сауалнамаға қатысқандардың 65,5%-ы жаңа жыл 2025 жылдан жақсы болады деп күтеді.
Сарапшылар бұл деректер қоғамда жүйелі өзгерістерге деген сұраныс бар екенін аңғартады дейді. Олардың пікірінше, мемлекеттік саясаттың тиімді жүзеге асуы үшін жемқорлықпен күресті күшейту, экономикалық қиын кезеңде халықты әлеуметтік қорғау және мемлекеттік басқаруда ашықтықты арттыру қажет.
Сауалнаманың толық нәтижесі DEMOSCOPE жобасының ресми сайтында жарияланған.