Қазақстандық жас модельдер Италия астанасы Римде өткен Rome Fashion Week халықаралық сән апталығында ел намысын қорғап, ұлттық нақыштағы YALIMAK брендінің топтамасын әлемдік аудиторияға ұсынды. Халықаралық көрсетілімнің ашылуына қатысқан қазақстандық өрендер сәтті өнер көрсетіп қана қоймай, кейін Нью-Йоркте өтетін халықаралық сән көрсетіліміне ресми шақырту алды, деп хабарлайды kznews.kz.
Римде өткен халықаралық сән апталығына Қазақстан атынан қатысқан жас модельдер әлемнің түрлі елдерінен келген дизайнерлер мен сән индустриясы өкілдерінің алдында өнер көрсетті. Олар қазақстандық дизайнер Камиля Берікболдың YALIMAK брендіне тиесілі, ұлттық нақышты заманауи сәнмен үйлестірген топтаманы көпшілікке таныстырды.

Бұл көрсетілім жас қатысушылар үшін тек сән әлеміндегі тәжірибе ғана емес, сонымен қатар Қазақстанның мәдениеті мен шығармашылық әлеуетін халықаралық деңгейде насихаттауға берілген маңызды мүмкіндік болды.
Жоба авторларының айтуынша, Римдегі сәтті көрсетілімнің нәтижесінде қазақстандық команда Нью-Йоркте өтетін халықаралық сән көрсетіліміне ресми шақырту алған. Бұл жас модельдердің кәсіби дайындығына берілген жоғары баға әрі қазақстандық сән индустриясына деген халықаралық қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетеді.

Жобаны Elite Models Residences модельдік мектебінің негізін қалаушы әрі YALIMAK брендінің дизайнері Камиля Берікбол жүзеге асырып келеді. Оның айтуынша, басты мақсат – жас таланттарға халықаралық алаңдарда тәжірибе жинақтауға мүмкіндік беру және Қазақстанның мәдени ерекшелігін әлемге таныту.