11 жыл бұрын 21 жастағы студент қыз өз құрбысының қолынан қаза тапты. Бір пәтерде тұрып, бір нанды бөліп жеген құрбысын 27 жерден пышақтап, жауыздықпен өлтірген қыздың әрекеті көпті шошытты. Тіпті кей БАҚ оны “ең қатыгез әйел-қылмыскер” тізіміне енгізді. Stan.kz тілшісі оқиғаның хронологиясын жазып шықты.
Ұлжан Рысқұлбекова Шымкенттен Астанаға оқуға барады. 2015 жылы шымкенттік қыз Л.Гумилев атындағы Еуразия университетінің филология факультетінің төртінші курсында оқыды. Алғашында ол құрбыларымен бірге пәтер жалдап тұрған екен. Кейін ата-анасы баспана алып беріп, жеке пәтеріне көшкен.
Бойжеткен жазғы демалыс кезінде техника сататын дүкенге жұмысқа тұрып, сонда өзінен екі жас үлкен Баян Шалқарова деген қызбен танысыпты. Кейін Баянның баспана мәселесін естіп, жанып ашып, оны қасына тұруға шақырған. Осылайша тамыздан бастап екі құрбы бірге тұрып бастады.
Кейін Ұлжан хабарсыз кеткендіктен, анасы алаңдап, іздей бастады. Қаламгүл Рысқұлбекованың сөзінше, қызы күн сайын анасына қоңырау шалып, жағдайын баяндап отыратын.
9 қазан Ұлжанның туыстары Астанадағы үйіне келеді. Алайда бойжеткеннің үйде жоқ екенін байқайды. Онымен қоса төргі бөлмедегі кілем де жоғалыпты. Полицияға хабарлап, тәртіп сақшылары кілемге оралған қыздың денесін сол үйінің кіреберісінен тапты.
Сөйтсе Баян Шалқарова мен Ұлжан Рысқұлбекова арасында жанжал шығып, Шалқарованы оның басынан балғамен ұрған екен. Артынша 27 рет пышақтап, қол-аяғын бөлшектемек болған. Содан соң денесін кілемге орап, сыртқа шығарып, қан іздерін тазалап кетіпті. Онымен қоса марқұмның пальто, етігін, iPhone телефоны мен 600 000 теңгесін алып қашып кеткен.
Шалқарованың сөзінше, ол марқұмды көре алмай, қызғаныштан осындай әрекетке барған:
“Мен оған қызғанышпен қарадым. Қалай киінетініне, Астанада пәтері барына, әлеуметтік жағдайының жақсы екеніне, қалай киініп, тамақтанатын көре алмадым. Ішімді қызғаныш биледі. Сол қызғаныштың кесірінен оны өлтірдім”.
Ал кейін неге екені белгісіз ол өз нұсқасын өзгертіп, “өзімді қорғадым” сол үшін балғамен ұрып өлтірдім деп айтқан.
Осыдан соң полиция істі “Қажетті қорғаныс шегінен шығу кезінде кісі өлтіру” деп саралады. Кейін Ұлжанның ата-анасы тергеуге күмән келтіріп, мәселені тыңғылықты зерттеуді сұрады. Олардың пікірінше, Баян мұның бәрін жалғыз істей алмады. Себебі өрімдей қыз денені бөлшектеп, оны кілемге орап шығара алады дегенге сенбеді. Дегенмен полиция бұл қылмысқа тағы біреулердің қатысы бар дегенге дәлел тапқан жоқ.
“Көре алмаған” құрбы қандай жаза арқалады?
2016 жылғы қаңтарда Астанадағы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта сот отырысы басталды.
23 жастағы сотталушыға екі айып тағылды:
Қылмыстық кодекстің 99-бабының 2-бөлігі 5-тармағы – “Ерекше қатыгездікпен адам өлтіру”;
Қылмыстық кодекстің 188-бабының 1-бөлігі – “Ұрлық”.
Ол марқұмның пальтосын, етігін, iPhone телефоны мен 600 000 теңгесін алып қашып кеткені үшін 850 мың теңге залал келтіргені анықталды.
Осылайша Баян Шалқарова 16 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ 780 мың теңге материалдық шығынды өтеуге міндеттелді. Ол жазасын жалпы режимдегі түзеу колониясында өтеп жатыр.
Баян Шалқарова Шығыс Қазақстан облысының Жарма ауданындағы ОВ 156/21 әйелдер түрмесінде жазасын өтеп жатыр екен. БАҚ беттерінде оған қатысты тағы бір жаңалық жарияланды.
2019 жылы ол әйелдер колониясында өткен "Көктем аруы" сұлулық байқауында 1-орын алды. Ол темір тордағы өмірі туралы пікір білдіріпті.
"Мен мұнда үйреніп қалдым. Түрмеде отырғаныма үш жылдан асты және тағы 10 жыл өтеймін. Әкімшілік маған бейімделуге көмектесті. Мен түрлі байқаулар мен қойылымдарға қатыса бастадым. Бостандықта жүргенде мен биге немесе караокеге бармаппын, тек мансабым туралы ойладым. Мұнда бәрі басқаша. Ұйымдастырушыларға рахмет, осындай іс-шаралар өте маңызды. Мен қолдаған анама рахмет”, – депті ол.