Елімізде өндірілетін Coca-Cola өнімі жаһандық Coca-Cola жүйесінде жоғары бағаланды. CCI Kazakhstan компаниясы екі жүзден астам боттлер қатысқан халықаралық бәсекеде бірінші орын алып, Candler Cup кубогына ие болды.
Candler Cup – Coca-Cola жүйесіндегі ең беделді марапаттардың бірі. Мұнда өнімнің дәмі ғана емес, компанияның нарықтағы көрсеткіштері, өнімнің қолжетімділігі, өндіріс пен логистиканың тиімділігі, бизнестің дамуы және операциялық жұмыстың сапасы ескеріледі.
Осы тұрғыдан алғанда, қазақстандық компанияның әлемдегі жүздеген боттлердің арасынан озып шығуы елдегі сусын өндірісінің технологиялық және басқарушылық деңгейінің халықаралық талаптарға сай екенін көрсететін маңызды нәтиже болып отыр.
Айтпақшы, CCI Kazakhstan ел нарығында 1994 жылдан бері жұмыс істейді. Қазір компанияның Алматы, Астана және Шымкент қалаларында үш өндіріс орны бар. Енді Ақтөбе облысында төртінші зауыттың құрылысы жүргізілуде. Компания соңғы он жылда Қазақстан экономикасына 250 миллион доллардан астам инвестиция салған. Демек, халықаралық марапаттың артында тек танымал сусын бренді емес, елдегі өндірістік базаға, технологияға және инфрақұрылымға салынған ұзақмерзімді инвестиция тұр.
Жалпы, қазақстандық Coca-Cola-ның Candler Cup алуы отандық өндірістің әлемдік корпорациялар жүйесіндегі бәсекеге қабілеттілігін көрсететін кезекті мысал болды. Бұл жолы Қазақстан сырттан дайын өнім сатып алатын нарық ретінде емес, әлемдік брендтің сапалы өндіріс алаңдарының бірі ретінде танылды.