Тараз қаласында ұйымдастырылған халықаралық бокс кешінде қазақстандық Бауыржан Әли жарқын жеңіске жетті. Қарағандыдағы полиция академиясының курсанты тәжікстандық боксшы Раджабой Ахмедовты алғашқы раундтың 57-секундында техникалық нокаутпен жеңді, деп хабарлайды kznews.kz.
Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Тараз Арена» спорт кешенінде ұйымдастырылған кәсіпқой бокс турниріне бірнеше елдің мықты былғары қолғап шеберлері қатысты.
Аталған додада Қазақстан намысын қорғаған Бауыржан Әли тәжікстандық Раджабой Ахмедовпен қолғап түйістірді. Төрт раундқа жоспарланған жекпе-жек ұзаққа созылған жоқ. Қазақстандық боксшы алғашқы раундтың 57-секундында қарсыласын ауыр соққылардың астына алып, төрешіні кездесуді тоқтатуға мәжбүр етті. Нәтижесінде техникалық нокаут тіркелді.

Бауыржан Әли – Қарағандыдағы ҚР ІІМ Б. Бейсенов атындағы полиция академиясының курсанты әрі бокстан Қазақстан Республикасының спорт шебері. Оның бұл жеңісі отандық бокс мектебінің жоғары деңгейін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Жерлесіміздің сенімді жеңісі жанкүйерлердің зор қошеметіне ие болып, ел спортының мерейін үстем етті.