Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында кәсіпкерлер салық органдарының тосыннан келуін күтпей алаңсыз жұмыс істеуге мүмкіндік алатынын айтты, деп хабарлайды kznews.kz.
Қазақстандағы адал бизнес тосыннан салықтық тексеруден босатылады
«Тексерулер тек тәуекелдер бойынша ғана жүргізілетін болады. Біз жоспарлы салық тексерулерінен толық бас тарттық. Микро және шағын бизнес үшін маңызды мәселе – 2026 жылға дейінгі кезеңдер бойынша салық тексерулері мен камералдық бақылау алынып тасталады. Адал бизнес салық органдарының тосыннан келуін күтпей, алаңсыз жұмыс істеуге мүмкіндік алады», - деді Олжас Бектенов.
Сонымен қатар Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов есептілік, салықтар мен алымдар санын қысқарту есебінен кәсіпкерлердің өз бизнесін дамытуға көбірек көңіл бөлуіне болатынын атап өтті.
«Салықтық есептілік 30%-ға, ал салықтар мен алымдардың саны 20%-ға қысқарады. Бұл кәсіпкердің есеп беруге жұмсалатын уақытын азайтып, өз бизнесін дамытуға көбірек көңіл бөлуіне ықпал етеді», - деп атап өтті Премьер-министр.