Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев Үкіметтегі баспасөз конференциясында Қазақстанда жүргізушісіз көлік құралдарын енгізу қалай жоспарланып жатқанын айтты, деп хабарлайды kznews.kz.
Нұрлан Сауранбаевтың айтуынша, Қазақстанда жолдарды салу барысында болашақта қолданылатын жүргізушісіз жүк көліктері үшін арнайы датчиктер орнату жұмыстары қолға алынып жатыр. Бұл датчиктер көліктің бағдарын айқындауға арналған.
"Халықаралық болжамдар бойынша 2036-2040 жылдары жүк көліктері іштен жанатын қозғалтқышсыз, электр қуатымен жұмыс істейтін болады. Екіншіден, олар автопоезд жүйесін қолданады және жүргізушісіз басқарылатын болады. Әлемде қазірдің өзінде қалаларда жүргізушісіз таксилер жүреді. Жүк көліктерін жүргізушісіз басқаруға уақыт еншісінде", - деді министр.
Оның айтуынша, пилотсыз жүк көліктерін енгізу бойынша пилоттық жобаны Қазақстан Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдермен бірлесіп, шекара бекеттерінде іске асыруды жоспарлап отыр. Бұл учаскелерде жүргізушісіз көліктерді пайдалану өткізу процесін айтарлықтай жеделдетеді. Кейін бұл жүйені бүкіл ел аумағына енгізу көзделген.
"Бағдарламамыз бар. Егер 2027 жылы көрші мемлекеттермен бірлесіп ауқымды пилоттық жобаны іске қоссақ, бұл Қазақстанның транзиттік әлеуетін дамытуға ерекше серпін береді деп ойлаймын. Бүгінде жүргізушілердің жалақысы жүк тасымалы құнының елеулі бөлігін құрайды. Сонымен қатар, жүргізуші көліктің жүрісін шектейді, тахограф талаптары бойынша ол үздіксіз небәрі 8 сағат қана жүре алады. Ал автопилотпен басқарылатын көлік тәулігіне 24 сағат жүре алады. Жылдамдық бірнеше есе артады, экологиялық тиімділік те жақсарады", - деп түйіндеді Нұрлан Сауранбаев.
Сонымен қатар, Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев Қазақстанда аэротакси қызметін іске қосуға қажетті құқықтық база әзірленіп жатқанын мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, ведомство пилотсыз әуе көліктерін, соның ішінде жолаушыларды тасымалдау мақсатында пайдалануды реттейтін заң жобасын дайындауда. Аталған құжат 2026 жылы әзірленіп, Парламенттің қарауына енгізілмек.
"Әрине, мұндағы негізгі мәселе қауіпсіздік. Қауіпсіздік қамтамасыз етілсе, бұл мәселелер өз шешімін табады", - деді Көлік министрі.
Журналистердің сұрағына жауап берген министр аэротакси қызметі Қазақстанда 2027 жылдан бастап іске қосылуы мүмкін екенін айтты.
"Бұл шынайы жоспар. Өйткені әлемде мұндай технологиялар қазірдің өзінде қолданылады. Алайда белгілі бір шектеулер бар. Мәселен, біз барған Шэньчжэнь қаласында аэротакси қызметін пайдалануға болады, бірақ ол ұшқышпен ұшырылады", - деді Нұрлан Сауранбаев.
Министрдің айтуынша, Қазақстанда мұндай тасымал түрі кезең-кезеңімен енгізіліп, жолаушылардың қауіпсіздігі басты назарда болады.