“Астротуризм” дегенді естуіңіз бар ма? Жерден бөлек аспанның да көз тоймайтын көріністері, ғарыштың тылсым құбылыстары туристерді сөзсіз де, ессіз де өзіне қызықтыратыны бар. Оның әдеттегі көздің жауын алатын әсем табиғаттан, аң-құстан, тау-шатқалдардан, үңгір-сулардан ерекшелігі - сұлулықпен ұштасқан көктегі әр элементті жерден бақылау, сезіну. Тіршіліктен әбден талықсығандар үшін бұл - жан рахаты, ал ғылыми тілде “астро” термині - заманауи туризмнің ерекше параметрі.
Біздің Қазақстанда да ондай жерлер жоқ емес. Тау асып, тас қопарып, осы бір кереметті тамашалауға келетіндер де баршылық. Астротуризмнің нағыз ошағы ретінде алысқа бармай-ақ, алдымен жаһандық мәселеге айналған Арал теңізін, Барсакелмес маңын алуға болады. Басты себеп - оның айналасындағы аймақтар “жұлдыздары көп” аспандар тізімінде. Жарық ластануы жоқ, аспан өте айқын көрінеді. Бұл өңірді ғалымдар әлемдік астротуризм картасына қосуды ұсынған. Сондай-ақ соңғы уақытта кәсіби астрономдар мен туризм мамандарының назарына Ассы-Түрген платосы, Іле Алатауы, Тянь-Шань обсерваториясы ілугеді. Бұл жерлерден Сатурн, Юпитер, жұлдыз шоғыры, метеор ағындары анық көрінеді. Астрофотографтардың обьективі Маңғыстау табиғатынан керемет жерді көрмеген шығар, сірә. Әсіресе, Бозжыра, Торыщ, Үстірт қыраты “ғарыштық” ландшафттарға әлдеқашан айналған. Сарыарқаның Ұлытау, Қарқаралы таулары, Бетпақдала шет аймақтары тарихымен ғана емес, осы бағыттағы туризммен де ерекшеленеді. Ғарышқа ұшпай-ақ, айға аяқ баспай-ақ Қазақстанға келіп, қазақ жерінде тұрып Юпитер, Нептун, Венера, Сатурн сақиналарын, Зодиакал жарығын, Млечный жолын, Андромеда галактикасын, қысқы шоқжұлдыздарды бақылауға, көруге болады.
Көп айтыла бермейтін, жалпы “туризм” деген ұғымның ішінде көрінбей қалып кеткен астротуризм туралы«Kazakh Tourism» ҰК» АҚ төрағасы “Бұл тек туристік бағыт қана емес, Қазақстанның табиғи мұрасын насихаттаудың бір бөлігі. Ұйым арнайы байқау нүктелерін құру, кәсіби астрономдармен турларды ұйымдастыру секілді инфрақұрылымды дамытуға бағытталған жұмыстар жүргізіп жатыр”, - деген еді. Бұл табиғи түнгі аспанды сақтау мен оған қолжетімділікті арттыру — елдің стратегиясының маңызды бөлігі ретінде саналатынының айқын дәлелі.
Ал Алматыдағы Фесенков атындағы астрофизикалық институттың ғалымы Илдана Измайлова “Қазақстанның түнгі аспанының жағдайы астрономиялық бақылаулар үшін өте қолайлы — планеталарды, соның ішінде Юпитер мен Сатурн сақиналарын тіпті көзбен көруге болады, ал Млечный жол жыл бойы көрінеді. Бұл аспан шарттары елдің астротуризмді дамыту үшін ерекше мүмкіндіктер беретінін көрсетеді”, - деп пікір білдірді. Осы арқылы Қазақстан тек табиғи сұлулықты ғана емес, жұлдыздарды және ғаламдық аспан құбылыстарды тамашалау үшін де керемет алаң екенін жеткізді.
Астротуризм - жалпы туризмнің шағын, енді ғана дамып келе жатқан маңызды сегменті. Алайда шектеулі инфрақұрылым, ақсаңдаған логистика, ал ең бастысы осы бағытты толықтай қолға алып, дамытуға күш салатын жобалардың аз болуы астротуризмді артқа тартып, аяқтан шалып тұрғаны қынжылтады. Алыстан әнші-бишілер шақыртып әуре болмай, төбеңде тұрған аспанның өзін туризм етіп, әжептәуір пайдаға кенелуге болады. Сондықтан “аспанға қарап, жұлдызды санаудың” өзін жай ғана романтикалық әсер деп емес, экономикалық мүмкіндік деп қарастырған жөн.