Қазақстанда ең төменгі зейнетақы 105 мың теңгеге дейін өсті, деп хабарлайды kznews.kz.
Қазақстанда 2026 жылдың басынан бастап барлық зейнетақы төлемдері мен балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар 10 пайызға индекстелді. Бұл туралы Үкіметтің әлеуметтік саладағы атқарылған жұмыстары туралы есебінде айтылды.
Мәліметке сәйкес, аталған мақсатқа республикалық бюджеттен шамамен 4,9 триллион теңге бөлінген.
Индекстеуден кейін ең төменгі жиынтық зейнетақы 105 мың теңгеге, орташа зейнетақы 198 мың теңгеге, ал ең жоғары зейнетақы 238 мың теңгеге жетті. Қазіргі таңда елімізде шамамен 2,6 миллион зейнеткер зейнетақы алады. Сонымен қатар Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) жинақ көлемі 25,7 триллион теңгеге жеткен.
Сондай-ақ балалы отбасыларға төленетін мемлекеттік жәрдемақылар да 10 пайызға артты. Жыл басынан бері бұл қолдауды 1,3 миллионға жуық адам алған.
Бала тууына байланысты біржолғы төлемдерге мемлекет 29,6 миллиард теңге бөлді. Ал 131,2 мың жұмыс істемейтін ата-ана бір жарым жасқа дейінгі бала күтімі бойынша жәрдемақы алып отыр. Бұдан бөлек, ай сайынғы төлем 636 мың көпбалалы отбасыға, ал мемлекеттік жәрдемақы 249 мыңға жуық көпбалалы анаға төленеді.
Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан берілетін төлемдер де 10 пайызға көбейді. Бұл қолдауды 900 мыңға жуық адам алған.
Үкіметтің мәліметінше, мүгедектік бойынша орташа жәрдемақы көлемі 87 мың теңгеге жеткен. Ал атаулы әлеуметтік көмек 36,4 мың отбасының құрамындағы 196,4 мың адамға тағайындалған. Оның басым бөлігін балалы отбасылар құрайды.
Сонымен қатар елдегі жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайыз деңгейінде сақталып отыр. Жыл басынан бері 250 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылған.
Үкімет әлеуметтік қолдау жүйесін цифрландыруды да жалғастырып жатыр. Қазір Қазақстанда 158 Отбасын қолдау орталығы жұмыс істейді. Family Service Management жүйесі арқылы 25 мыңнан астам отбасы көмек алған. Ал 5 мыңға жуық отбасы тұрақты әлеуметтік сүйемелдеуде тұр.