Қазақстанда вице-президентке қатаң талаптар қойылады. Бұл туралы Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның екінші отырысында Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz.
Оның айтуынша, вице-президенттің депутат болуына, саяси партияларға мүше болуына, кәсіпкерлікпен айналысуына немесе өзге де ақылы қызмет атқаруына тыйым салынады.
Вице-президент Президенттің тапсырмасы бойынша ел атынан өкілдік етеді, мемлекеттік биліктің негізгі органдарымен жұмыс істейді, сондай-ақ қоғам және сарапшылармен диалог жүргізеді.
«Вице-президент лауазымын енгізудің басты артықшылықтарының бірі — мемлекеттік биліктің тұрақтылығы мен сабақтастығын қамтамасыз ету. Президенттің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда, елді басқару уақытша вице-президентке өтеді», - деп түсіндірді Сәрсембаев.
Егер вице-президент өкілеттікті қабылдай алмаса, ол Құрылтай төрағасына, одан кейін Премьер-министрге беріледі.
«Бұл қандай жағдай болмасын, мемлекеттің дәйекті әрі құқықтық алаңда жұмыс істеуіне кепілдік береді», - деді министр.
Бұған дейін Қазақстанда вице-президент лауазымы пайда болуы мүмкін екені белгілі болған еді.