Көлік вице-министрі Талғат Ластаев Қазақстанда ұшақта музыкалық аспаптарды тасымалдауға рұқсат берілуі мүмкін екенін мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz.
Оның айтуынша, Азаматтық авиация комитеті осы мәселені заңнамалық тұрғыда реттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Талғат Ластаев жаңа ережелер барлық әуе компанияларына қатысты болатынын атап өтті.
«Жақын уақытта жолаушыларды, жүктер мен багажды тасымалдау қағидаларына тиісті өзгерістер енгіземіз деп ойлаймын. Жолаушыларға музыкалық аспапты қалай тасымалдау керек және қандай рәсімдер қолданылатыны нақты әрі түсінікті болады. Бір ай ішінде осы шешімді әзірлейміз», – деді ол Сенат кулуарында.
Оның айтуынша, егер шешім қабылданса, жаңа ережелер мамыр айынан бастап күшіне енуі мүмкін.
Сонымен қатар, FlyArystan 1 наурыздан бастап тегін қол жүгінің салмағын 5 кг-нан 7 кг-ға дейін арттырды. Ал өлшемдері бұрынғыдай өзгеріссіз қалды.