Қазақстанның Ұлттық тестілеу орталығы әлеуметтік желілерде ҰБТ-дан «өтуге көмектесеміз», грант алып береміз немесе тесттің дайын жауаптарын сатамыз деген алаяқтық ұсыныстардың көбейгенін ескертті, деп хабарлайды kznews.kz.
Ведомство мәліметінше, әрбір талапкерге жеке тест нұсқасы жасалады. Сондықтан интернетте таралып жатқан «ҰБТның дайын жауаптары» мен «тест сұрақтарының сливтері» шынайы тапсырмаларға сәйкес келмейді.
Сондай-ақ орталық тест материалдары Ұлттық тестілеу орталығының зияткерлік меншігі екенін атап өтті. Оларды заңсыз тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікке әкелуі мүмкін.
Мұндай фактілер анықталған жағдайда, Ұлттық тестілеу орталығы уәкілетті органдармен бірлесіп тиісті шаралар қабылдайды.
Орталық қазақстандықтарды алаяқтардың арбауына түспей, емтиханға тек өз біліміне сүйеніп дайындалуға шақырды.