Қоғам

Қазақстанда танымал шай брендтерінен қауіпті қоспалар табылды

Ayzhan Sylanova Ayzhan Sylanova
Қазақстанда танымал шай брендтерінен қауіпті қоспалар табылды
Фотоиллюстрация: Kznews.kz

Қазақстанда бірқатар шай өнімдеріне қатысты уақытша санитариялық шектеулер енгізілді. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті хабарлады, деп хабарлайды kznews.kz.

Комитеттің мәліметінше, Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері 2026 жылғы 5 қаңтарда №1-ПГСВ қаулыға қол қойған. Құжат халықтың санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жүргізілген бақылау мақсатындағы сатып алу мен зертханалық сараптамалардың нәтижесіне негізделген.

Тексеру барысында бірқатар шай өнімдерінің Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламенттеріне, атап айтқанда «Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы», «Тағамдық қоспалардың, хош иістендіргіштердің және технологиялық қосалқы құралдардың қауіпсіздігі талаптары», сондай-ақ «Тамақ өнімдерін қаптамалау талаптары» жөніндегі нормаларға сәйкес келмейтіні анықталған. Осыған байланысты аталған шай түрлерін Қазақстан аумағына әкелуге және сатуға тыйым салынды.

Сараптама нәтижесінде кейбір қара шайлардың құрамынан қолдануға рұқсат етілмеген тағамдық бояғыштар — сары «күн батуы» (E110), тартразин (E102) және понсо 4R (E124) табылған. Бұл қоспаларды шай өнімдерінде пайдалануға заңмен тыйым салынған.

Сонымен қатар тексеру кезінде бірқатар шай қаптамаларында өндіріс немесе қаптау орны нақты көрсетілмегені, яғни расталмаған мекенжайлар жазылғаны белгілі болды. Бұл өнімдерді шығару мен таратуға қажетті рұқсат құжаттарының жоқтығын білдіреді.

Осы себептерге байланысты келесі қара шай өнімдерінің әкелінуі мен сатылуына уақытша тыйым салынды:

«Апамның шәйі Premium gold», «Al-Hayat Gold», «БАЛҚИЯ Premium gold» – өндіруші «Orda Trade Astana» ЖШС (Алматы облысы);

«Sultan Suleyman», «Pakistan tea» – өндіруші «Real Trade Astana» ЖШС (Астана);

«БАЛҚИЯ Premium gold» – өндіруші «Аль-Хадия» ЖК (Алматы);

«Aje Onim» – «Орда Чай» ЖК, «Кальций» ЖШС тапсырысы бойынша (Алматы);

«Al-Hayat Gold» – өндіруші «Empire KENIY E.P.Z. Limited» (Алматы облысы);

«Al-Jannat Premium» – өндіруші «Ferdaus» ЖК (Алматы);

«Alfarah» – өндірушісі қаптамада көрсетілмеген.

Комитет өкілдері азаматтарды аталған өнімдерді сатып алудан бас тартуға және азық-түлік таңдауда сақ болуға шақырды.

Ұқсас материалдар

Барлығы
KZNews.kz