KZNews.kz
Қоғам

"Қызметі сұр аймақта": елімізде такси қызметінің ережелерін түбегейлі өзгерту ұсынылды

Жарқын Омаров
Фото:depositphotos.com

Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев Қазақстанда «такси жүргізушісі» ұғымын ресми түрде енгізіп, олардың мәртебесін, құқықтары мен міндеттерін заң жүзінде бекіту қажет екенін айтты. Осы мақсатта ол Көлік министріне депутаттық сауал жолдаған, деп хабарлайды kznews.kz.

Депутаттың мәлімдеуінше, елімізде 500 мыңнан астам такси жүргізушісі жұмыс істейді, бірақ бұл ресми деректермен расталмаған. Қазіргі заңнама заманауи такси сервистерінің жұмысын толық қамтымайды, ал жүргізушілер мен жолаушылардың қауіпсіздігі жеткілікті деңгейде қорғалмаған. Күнделікті медициналық тексеру тек формальды түрде жүргізіледі, ал кейбір агрегаторлар сапардың нақты құнын көрсетпейді. Сондай-ақ, төлем жасау жүйелері мен жедел қызметтерге хабарласу мүмкіндіктері толық қамтамасыз етілмеген.

Депутат өз сауалында келесі шараларды ұсынды:

Агрегаторларды әр сапар үшін жолаушылар мен жүргізушілердің өмірі мен денсаулығын сақтандыруға міндеттеу;

«Такси жүргізушісі» деген ресми анықтама енгізіп, олардың мәртебесін, құқықтары мен міндеттерін заңда бекіту; жүргізушілердің тапсырысты өздері орындауын және санитарлық нормаларды сақтауды қамтамасыз ету;

Күнделікті формальды тексерудің орнына тұрақты медициналық бақылау енгізіп, оны Денсаулық сақтау министрлігінің жүйелері арқылы автоматтандыру;

Жолаушыларға сапардың нақты құнын хабарлау, жылдамдық пен маршрутты бақылау, жүргізуші мен көліктің мәліметтерін мемлекеттік дерекқорлар арқылы тексеру.

Жарқын Омаров
Автордың басқа материалдары