Қазақстанда шетелдік ұйымдардан қаржы алатын азаматтар туралы бірыңғай дерекқор жасақталады. Тиісті бұйрық жобасын Қаржы министрлігі “Ашық НҚА” порталында жариялады.
Құжатқа сәйкес, шетелдік ұйымдардан, шетел азаматтарынан және азаматтығы жоқ адамдардан ақша немесе өзге де мүлік алатын қазақстандықтар бұл туралы уәкілетті органдарға міндетті түрде мәлімет беруі тиіс.
“Жобаның мақсаты — азаматтар мен заңды тұлғалардың құрылымдық бөлімшелері шетелдік ұйымдардан, шетел азаматтарынан және азаматтығы жоқ адамдардан ақша мен өзге де мүлікті алу және пайдалану туралы мәліметтерді тапсырудың тәртібі мен мерзімін, сондай-ақ деректер базасын қалыптастыру тәртібін айқындау”, — делінген Қаржы министрлігінің бұйрық жобасында.
Жоба аясында бірыңғай ережелер мен деректер базасын енгізу арқылы:
- барлық шетелдік қаржыландыру туралы ақпараттың **ашықтығын арттыру**;
- мәліметтерді **жүйелеу**;
- көлеңкелі экономиканың тәуекелдерін азайту**;
- ұлттық қауіпсіздікті нығайту** көзделіп отыр.
Қаржы министрлігі бұл бастама шетелден қаржы алушыларға қатысты құқықтық айқындық деңгейін көтеріп, қаржы ағымдарының ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді деп отыр.