2026 жылдан бастап Қазақстанда құны 18 000 айлық есептік көрсеткіштен асатын жеңіл автокөліктерге 10% мөлшерінде акциз салынады. Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті жаңа талаптың кімдерге қатысты екенін түсіндірді, деп хабарлайды kznews.kz.
Салық кодексінің 536-бабына сәйкес, акциз құны 18 000 АЕК және одан жоғары жеңіл автокөліктерге қолданылады. 2026 жылы бір АЕК 4 325 теңгені құрайды. Осылайша, шекті сома – 77 млн 850 мың теңге.
Акцизді автокөлікті сатып алу-сату шарты бойынша сатып алған жеке тұлға төлейді. Оның мөлшерлемесі – көлік құнының 10%-ы.
– Мәселен, сіз 80 млн теңгеге автокөлік сатып алдыңыз делік. Салық кодексінің 536-бабында көрсетілген акциз мөлшерлемесі 10%-ды құрайды. Демек, мемлекетке 8 млн теңге төлеуге міндеттісіз. Егер көлік 100 млн теңгеге сатып алынса, акциз 10 млн теңге, ал 150 млн теңгелік автокөлік үшін 15 млн теңге болады, – деп түсіндірді Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің жанама салықтарды әкімшілендіру басқармасының акциздерді әкімшілендіру бөлімінің бас маманы Азамат Өмірбек.
Мамандар бұл төлемді жыл сайын төленетін көлік салығымен шатастырмау керегін ескертеді. Қымбат автокөлікке салынатын акциз – бір реттік төлем. Ол сатып алу-сату шартындағы көлік құны 77 млн 850 мың теңгеден асқан жағдайда төленеді.
Акцизді көлік сатып алынған айдан кейінгі айдың 20-сына дейін төлеу қажет. Мысалы, автокөлік 15 ақпанда сатып алынса, жаңа иесі 20 наурызға дейін 400.00 нысанындағы салық есептілігін тапсырып, тиісті соманы бюджетке аударуы тиіс.
Төлем мерзімі өтіп кеткен жағдайда алдымен салық берешегі тіркеліп, кейін өсімпұл есептеледі. Одан әрі мәжбүрлеп өндіріп алу шаралары қолданылуы мүмкін.
Ал қымбат автокөлік сыйға берілсе, оны алған адам акциз төлемейді. Себебі міндеттеме көлікті иелену фактісіне емес, сатып алу-сату шартына байланысты туындайды.
Алайда мұндай көлік қайта сатылған жағдайда жаңа сатып алушы акцизді қайтадан төлеуге міндетті. Сонымен қатар көлікті бұрын сатып алған бағасынан қымбатқа сатқан тұлғада мүліктік табыс бойынша салық міндеттемесі туындауы мүмкін. Мұндай табыс 270.00 нысаны арқылы декларацияланады.