2026 жылғы тамызда өтетін құрылтай сайлауы қарсаңында Қазақстанда жаңа саяси ұйым құру бастамасы көтерілді. "Әділет" деп аталатын партия елдегі әділетті қоғам құру құндылықтарын ілгерілетуді мақсат етеді, деп хабарлайды kznews.kz.
Өзін «прогрессивті реформаларды қолдаушылар» деп таныстырған бастамашыл топ жаңа ұйымның негізгі бағыты – азаматтардың құқықтары мен еркіндіктерін қорғау екенін мәлімдеді. Олардың айтуынша, партия 2026 жылғы 15 наурызда қабылданған Конституция қағидаттарын сақтауды басты миссия ретінде қарастырады.
Ұйым өкілдері әділдік, патриотизм, еңбекқорлық, жауапкершілік және прогресс секілді құндылықтарға сүйенетінін атап өтті. Сонымен қатар, тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету, тәуелсіз сот жүйесін қалыптастыру және әділ экономиканы дамыту негізгі мақсаттардың бірі болмақ.
Жаңа партия қоғамның белсенді бөлігін – жастарды, түрлі сала мамандарын, ауыл және қала тұрғындарын біріктіруді көздейді. Олар ашық диалогқа дайын екендерін айтып, қазақстандықтарды ұйым жұмысына қатысуға шақырды.
Бастамашыл топ құрамында 16 адам бар. Олардың қатарында бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева, QAZAQ TILI қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы, саясаттанушы Марат Шибутов, сондай-ақ кәсіпкер Андрей Лаврентьев бар.
Ұйым өкілдері 16 сәуірде Әділет министрлігіне партияны тіркеу процесін бастайтынын хабарлады. Ал жақын уақытта құрылтай съезін өткізу жоспарланып отыр.