Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Үкімет отырысында алдағы айларда Қазақстанның қай өңірлерінде құрғақшылық болуы мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды kznews.kz.
Министр Ерлан Нысанбаевтың айтуынша, көктемгі егіс жұмыстары кезеңінде топырақтағы ылғал жағдайы жалпы алғанда қолайлы.
"Қостанай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстарында топырақтың бір метрлік қабатында ылғал қоры негізінен қанағаттанарлық және оңтайлы деңгейде күтілуде. Ал Ақтөбе, Павлодар және Қарағанды облыстарында — қанағаттанарлық", - деді Нысанбаев.
Сонымен қатар, ауа температурасының жоғарылауына байланысты топырақтың үстіңгі егістік қабатының тез кебу қаупі бар. Сондықтан кейбір аудандарда ылғал тапшылығы болуы мүмкін.
"Мәселен, Ақтөбе облысының Шалқар ауданы мен Жамбыл облысының Қордай ауданының жайылымдарында құрғақшылықтың қалыптасу ықтималдығы бар", - деді министр.