Қазақстанда интернет пен әлеуметтік желілердегі заңсыз контентті анықтау және оның жолын кесу жұмыстары жалғасып жатыр.ІІМ мәліметінше, ел бойынша қазірдің өзінде 20-дан астам стример жауапқа тартылған. Ведомство олардың тікелей эфир кезінде жол берген заңбұзушылықтары туралы айтып берд, деп хабарлайды kznews.kz.
"Қаралым, лүпіл және донат қуған олар балағат сөздер айтып, әдепсіз мінез-құлық көрсеткен, қауіпті пранктер ұйымдастырып, өзге адамдардың намысына тиген. Мұндай контенттің күн сайын қалың аудиторияға, соның ішінде кәмелетке толмағандарға қолжетімді болуы ерекше алаңдаушылық тудырады", - деп мәлімдеді ІІМ.
Эфирлер қамауға алумен және айыппұлмен аяқталды
Шымкентте 48 жастағы Ербол Дүйсенбаев TikTok-тағы тікелей эфир кезінде балағат сөздер қолданған. Сот оған 10 тәулікке қамауға алу жазасын кесті.
Талдықорғанда 44 жастағы Гүлмира Қасенова TikTok-тағы тікелей эфир кезінде бейпіл сөздер айтып, қоғамдық тәртіпті бұзған. Бұған дейін ол осындай құқықбұзушылығы үшін жауапқа тартылған болатын. Бұл жолы сот оған әкімшілік айыппұл салды.
Павлодарда 26 жастағы Аслан Амантаев тікелей трансляция кезінде көлік тізгінінде отырып, қауіпсіздік белдігін тақпаған және былапыт сөздер айтқан. Сот оны 20 тәулікке қамауға алды.
Түркістанда bayan_kyz, fatima.sh0000 және fatima_s003 никнеймдерімен танымал Баян Шанкеева жауапқа тартылған. Тікелей эфирлер кезінде ол балағат сөздер қолданып, агрессивті мінез-құлық көрсеткен. Оған әкімшілік айыппұл салынды.
Еске сала кетейік, бұған дейін ІІМ треш-стримерлердің есімдерін тек профилактикалық мақсатта көпшілікке жариялайтынын мәлімдеген болатын. Сондай-ақ ведомство әлеуметтік желідегі жасырын атау жауапкершіліктен босатпайтынын ескертті.