Сенат депутаттары «Құқық бұзушылықтың алдын алу туралы» заңды және оған байланысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне енгізілген түзетулерді екі оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды kznews.kz.
Құжаттың негізгі нормаларының бірі жалға берілетін электрлік самокаттарды пайдалану талаптарын қатаңдату.
Жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында электрлік самокаттар көлік құралдары қатарына енгізіліп, оларды басқару үшін жеке және заңды тұлғаларға жалға берілетін электрлік самокаттардың иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру талап етіледі.
Сонымен қатар, электрлік самокаттарды жалға беретін заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлерге бірнеше міндеттер жүктеледі. Атап айтқанда:
есеп жүргізу және электрлік самокатқа тіркеу нөмірін беру мен оны орналастыру;
пайдаланушыларды сәйкестендіру, олардың кез келген санаттағы көлік құралын басқаруға жарамды жүргізуші куәлігі бар-жоғын тексеру және тиісті органдардың ақпараттық жүйелері арқылы көлік құралын басқару құқығынан айырылмағанын анықтау;
жол қозғалысына қатысуға, яғни электрлік самокаттарды жалға беруге 18 жастан аспағандарға және көлік құралын басқаруға құқығы жоқ немесе айырылған тұлғаларға жол бермеу; және басқа да міндеттер.