Бүгін Мәжілісте Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Үнзила Шапақ үкімет мүшелерінен Қазақстанда декреттік төлемдерге қатысты алаяқтық фактілерінің қалай тергеліп жатқанын сұрап, залал көлемін атауды өтінді. Оның сұрағына жауап берген Қаржы министрі Мәди Тәкиев пен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегай тың мәліметтерді жария етті, деп хабарлайды kznews.kz.
Қаржы министрі Мәди Тәкиевтің айтуынша, ақпан айынан бастап декреттік төлемдер берілетін Мемлекеттік-әлеуметтік сақтандыру қоры Қаржы министрлігіне ауысқан. Жүйедегі заңсыздықтарды анықтау үшін министрлік «Қалқан» деген жүйені іске қосқан көрінеді.
«Ал, сіз көтеріп отырған алаяқтық фактілері мен залалға қатысты қазір аудит жүріп жатыр. Аудитті осы айдың ішінде аяқтап, нәтижесін жариялаймыз», - деді Тәкиев.
Ал, еңбек вице-министрі осы уақытқа дейін неше қылмыстық іс қозғалғанын және олар бойынша залал көлемін атады.
«Қазақстанның 13 өңірінде декреттік төлемге қатысты 38 қылмыстық іс қозғалды. Олардың бәрі құқық қорғау органдарына берілген. Осы істер бойынша мыңнан аса әйел фигурант болды, ал, мемлекетке келген залалдың алдын ала болжамы 3 млрд теңге», - деп хабарлады ол Мәжілісте.