Антибуллинг қауымдастығы «Буллингке кәсіби назар аудару: кейстерді талдау» атты әдістемелік құралды жариялады. Бұл – Қазақстандағы буллинг мәселесіне арналған алғашқы әдістемелік құрал, деп хабарлайды kznews.kz.
Оның негізіне Алматы, Астана, Қарағанды, Павлодар, Шымкент, Шығыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарының мамандарымен бірге жүргізілген төрт жылдық практикалық жұмыс еніп отыр. Осы уақыт ішінде команда 250-ден астам нақты жағдайды талдады. Ұйымға еліміздің барлық өңірінен, соның ішінде ауыл мектептерінен де ата-аналар жүгінген.
Елемеуге болмайтын мәселе
Мектептегі буллинг біртіндеп дамиды: алдымен мазақтап күлу, кейін заттарын бүлдіру, қорлау, ар-намысына тию, кибербуллинг.
«Егер бұған дер кезінде назар аударылмаса, жағдай өте қайғылы салдарға әкелуі мүмкін. Кейде бала ауыр жарақат алып, көзінен айырылуы, қабырғасы сынуы мүмкін. Тіпті суицидке дейін апарады», – дейді Антибуллинг қауымдастығының жетекшісі Светлана Богатырева.
Мамандар осы төрт жылдың ішінде анықтағандай, ересектердің ең жиі жіберетін қателігі – мәселені елемеу және маңызын төмендету. «Бұл проблема емес, балалар осылай ортамен араласуы, есейіп, өздері шешуі керек» деген көзқарас.
Мамандардың бақылауынша, көптеген жағдайға дер кезінде назар аударғанда, бастапқы кезеңде-ақ тоқтатуға болатын еді.
Статистика не дейді
2024 жылға дейін мемлекет тарапынан буллинг бойынша ресми статистика жүргізілмеген: бұл ұғымның өзі заңнамаға тек өткен жылы ғана енгізілді. UNICEF халықаралық зерттеулерінің деректеріне сәйкес, мектептерде балалардың 65%-ға дейіні буллинг пен зорлық-зомбылықтың әр түріне тап болады. Ал Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметтері бұл көрсеткішті 20% деп көрсеткен. Ішкі істер министрлігінің дерегі бойынша, 2025 жылы буллинг факілері бойынша 438 әкімшілік іс тіркелген.
Антибуллинг қауымдастығы өз алдына жүргізген мониторинг түрлі тараптардың мәселені қабылдауында айтарлықтай айырмашылық бар екенін көрсетті: сауалнамаға қатысқан ата-аналардың 58%-ы мектептерде буллинг бар екенін мойындаса, мұғалімдер арасында бұл көрсеткіш небәрі 6%-ды құраған.
Әдістемелік құрал қалай дайындалды
Бұл әдістемелік құрал Антибуллинг қауымдастығының алғашқы коммерциялық өнімі болып отыр. Оның жарыққа шығуына Tamyr Platform акселераторы да қолдау көрсетті. Қор үшін бұл – қаржылық тәуелсіздікке жасалған маңызды қадам, яғни грант қаржысына толықтай тәуелді болмай, жұмысты жалғастыру мүмкіндігі.
Жұмыс 2025 жылдың желтоқсанынан 2026 жылдың ақпанына дейін жүргізілді. Команда құрамында жеке психологтар мен мектеп психологтары, соттарда қорғау мәселесіне маманданған адвокаттар мен заңгерлер, мектеп медиаторлары мен балалар қауіпсіздігі бойынша тренерлер болды. Мамандар жиналған кейстердің ішінен ұқсас жағдайларды іріктеп, оларды жүйеледі, ортақ ұсынымдар әзірледі.
Құпиялылық басты қағидалардың бірі болды: әдістемелік құралға нақты оқиғалар енгізілмеген.
«Бұл құралды оқыған адамдар дәл өздерінің оқиғасын кездестірмейді, бәлкім, кейбір ұқсас тұстарын ғана байқауы мүмкін», – деп түсіндіреді Светлана Богатырева. Жалпы, құралға жинақталған тәжірибе негізінде құрастырылған 20 оқиға енгізілген.
Жұмыс барысында этикалық мәселе де үлкен қиындық болды. Авторлар мәтіннен өз оқиғасын танып қалуы мүмкін оқырмандардың жанын қайта жаралап алмауға, және, сонымен қатар, жалған үміт бермей, нақты ұсыныстар беруге тырысқан. «Бұл – күрделі тақырып, сондықтан аса мұқият болу қажет», – дейді жоба жетекшісі.
Авторлар буллингті білім беру жүйесінің сапасына қарамастан, барлық елде кездесетін әмбебап әлеуметтік құбылыс ретінде қарастырады. «Мақсат – буллингті толық жою емес, өйткені бұл мүмкін емес. Ең маңыздысы – келеңсіз жағдайды ерте анықтау мен алдын алу тәсілдерін қолданып, бастапқы кезеңінде тоқтату», – деп атап өтті Светлана.
Әдістемелік құрал шамамен бір апта бұрын таратыла бастады, қазірдің өзінде мамандардан алғашқы пікірлер келіп жатыр. Құрал қазақ және орыс тілдерінде, онлайн форматта уақыт шектеуінсіз ұсынылады.
«Tamyr Platform және EA Charity Fund қолдауыныңкөмегімен біз Қазақстандағы буллинг кейстері бойынша төрт жылдық кеңес беру тәжірибемізді жинақтай алдық. Құралда тәжірибеде тиімді болған нақты тәсілдер мен әрекет жолдары қамтылған», – деді Светлана Богатырёва.
Сонымен қатар, ұйым балалар арасындағы суицидтің алдын алу бойынша тегін әдістемелік құралды да таратып жатыр. Антибуллинг қауымдастығы Қазақстанда 2022 жылдан бері жұмыс істейді және Just Support қорының жобасы болып табылады.