Қоғам

Қазақстанда блогерлердің зиянды өнімдерді жарнамалауына шектеу қою ұсынылды

Торғын Абушахман Торғын Абушахман
Қазақстанда блогерлердің зиянды өнімдерді жарнамалауына шектеу қою ұсынылды
Фото: 1MI

Қазақстанда блогерлер мен инфлюенсерлер арқылы таралатын жарнамаға шектеу қою ұсынылды. Сенатор Геннадий Шиповских әлеуметтік желілерде тұтынушыға зиян келтіретін контенттің, соның ішінде онлайн-казино, есірткі, порнография, қаржылық пирамидалар мен күмәнді дәрі-дәрмектердің жарнамасы көбейгенін айтты. Бұл туралы сенатор премьер-министр Олжас Бектеновке жолдаған депутаттық сауалында мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz.

Геннадий Шиповскихтің айтуынша, бүгінде әлеуметтік желілер қоғам санасына тікелей әсер ететін қуатты құралға айналған. Ал соңғы жылдары блогерлер мен танымал тұлғалар арқылы таралатын агрессивті жарнама азаматтарға нақты зиян келтіре бастаған.

«Қаржылық шешімдер мен тұтынушылық сұранысқа блогерлер мен инфлюенсерлердің, спорт және өнер саласындағы танымал адамдардың жарнамасы қатты әсер етеді. Соның салдарынан көптеген қазақстандықтар қаржылық пирамидалардың құрбаны болып, сапасыз тауар сатып алды, тіпті денсаулығына зиян келтірді», – деді сенатор.

Депутаттың сөзінше, ең сорақысы — бұл жағдайдан қарапайым халық зардап шегеді. Жарнама беруші мен оны миллиондаған аудиторияға таратқан блогер пайда табады, ал алданған азамат өз мәселесімен жалғыз қалады.

Сондай-ақ сенатор әлеуметтік желілерде танымал тұлғалардың бейнесін пайдаланып, есірткі, онлайн-казино, порнографиялық контент, ерлер мен әйелдерге арналған гормоналды препараттар мен арықтататын дәрілерді жарнамалау фактілері жиілеп кеткенін атап өтті. Оның айтуынша, мұндай жарнаманы медицина мен денсаулық сақтау саласында білімі жоқ адамдар жасайды.

Осыған байланысты Геннадий Шиповских бірқатар ұсыныс енгізді. Атап айтқанда:

- Meta, TikTok және өзге де платформалармен Қазақстан аумағында тыйым салынған контентті нақты айқындау бойынша келісімдер жасау;

- порнографияны, есірткіні және онлайн-казиноны жарнамалайтын контентті автоматты түрде анықтап, бұғаттайтын тетіктерді енгізу;

- денсаулыққа тікелей әсер ететін препараттар мен заттарды медициналық білімі жоқ тұлғалардың жарнамалауына шектеу қою;

- жарнамаланған өнім салдарынан азаматтың денсаулығына зиян келген жағдайда, жарнама жасаған тұлғаға жауапкершілік қарастыру.

Сенатордың пікірінше, бұл шаралар азаматтарды зиянды жарнамадан қорғауға және әлеуметтік желілердегі жауапкершілікті арттыруға мүмкіндік береді.

Ұқсас материалдар

Барлығы
KZNews.kz