Қазақстанда бір тәулік ішінде үш орман өрті тіркелді, деп хабарлайды kznews.kz.
Экология министрлігінің мәліметінше, 27 маусымда Қазақстанның мемлекеттік орман қоры аумағында үш орман өрті тіркелген.
Бір өрт Қарағанды облысында тіркелсе, тағы екеуі "Семей орманы" мемлекеттік табиғи орман резерватында шыққан.
Өрттер дер кезінде анықталып, орман күзеті қызметкерлерінің және тартылған қызметтердің өзара әрекеті арқылы жедел түрде сөндірілген.
Министрлік мәліметінше, үш жағдайда да өрттің шығуына найзағай разрядтары себеп болған.
Экология министрлігі азаматтарды өрт қаупі жоғары кезеңде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауға және елдің орман байлығына ұқыпты қарауға шақырды.
Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанның бір аймағында тұрғындарға орманға баруға тыйым салынғаны туралы жазған едік.