KZNews.kz
Жаңалықтар

Қазақстанда 768 мың ер адам жатыр мойны обырына скринингтен өтті

Дархан Тоқан
Фото: DC Studio / freepik.com

Қазақстанда медициналық ұйымдар арқылы бюджет қаражатын жымқырудың ірі схемасы әшкереленді. Мемлекеттік органдар пациенттерді жүйелі түрде «қосып жазу» фактілерімен қатар, мүлде жасалмаған қызметтерді орындалды деп көрсету жағдайларын анықтаған. Соның бірі – ер адамдарға жатыр мойны обырына скрининг жүргізілді деген жалған мәлімет. Бұл туралы ҚР Үкіметінің ресми Telegram-арнасында хабарланды.

IT-аудит барысында Қаржы министрлігі Денсаулық сақтау жүйесіндегі ақпараттық платформаларды тексеріп, бірқатар медұйымдардың шын мәнінде көрсетілмеген қызметтер үшін қаржы алғанын анықтаған. Кейбір ұйымдар жүйеге екі жылдан аса уақыт бұрын қайтыс болған азаматтарға «ем жүргізілді» деп дерек енгізген, бір күнде қисынға келмейтін мөлшерде адам қабылдағанын көрсеткен, тіпті физикалық тұрғыда мүмкін емес көлемде жұмыс атқарды деп тіркеген. Бұдан бөлек, балаларға тәулігіне мыңнан аса дәрі-дәрмек жазып берген жағдайлар да кездескен.

Аудит деректеріне сәйкес, Астанадағы мамандардың бірі бір тәулікте 300–400 тексеру жүргізген болып шықса, сол қаладағы жеке клиниканың тағы бір дәрігері бір күнде 1 442 адам қабылдаған деп көрсетілген. Ал қалыпты жағдайда дәрігердің орташа қабылдауы тәулігіне 24 адамға дейін ғана жетеді.

Ең сорақысы – жүйеге енгізілген мәліметтер бойынша 768 827 ер адам «әйелдерге тән ауруларға», соның ішінде жатыр мойны обырына скринингтен өткен болып тіркелген. Сонымен қатар 619 ер адамға маммография жасалды деген дерек анықталған. Тек осы бір тармақтың өзінен келтірілген шығын 1,8 млрд теңгеден асып кеткен. Ал жалпы келтірілген залал сомасы әзірге жарияланған жоқ.

Дархан Тоқан
Автордың басқа материалдары