Теміржол билеттерінің бағасы тарифтерді жыл сайын индекстеуге байланысты өсті. Биыл индексация көлемі 7% болды. Мұны “Қазақстан темір жолы” ұлттық компаниясы АҚ басқарма төрағасының стратегия және цифрландыру жөніндегі орынбасары Ануар Ахметжанов мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz.
Оның айтуынша, пойыз билеттерінің бағасы жыл бойы өзгеріссіз қалады.
“Бізде теміржол тасымалдына белгіленген тариф жыл бойы бірдей сақталады. Ол маусымға да, тәуліктің уақытына да байланысты емес. Жыл сайын Көлік министрлігімен жасалған келісімге сәйкес тарифтерге индексация жүргізіледі. Биыл 1 қаңтардан бастап билет құны 7% өсті. Ал өткен жылы инфляция деңгейі 12%-дан асты”, – деді Ахметжанов.
Сонымен қатар ол әуе билеттерінен айырмашылығы, пойыз билеттерінің бағасы маусымдық кезеңге немесе сұраныс деңгейіне тәуелді емес екенін айтты.
“Биыл 1 қаңтардан бастап билет бағасы 7% өсті. Мысалы, осы бағыттағы билет құны шамамен 35 мың теңге болды. Бұл баға қаңтардан желтоқсанға дейін өзгермейді. Ал авиация саласында жағдай басқаша. Кейбір кезеңдерде әуе билеттері осы бағамен бірдей немесе тіпті арзанырақ болуы мүмкін. Алайда сұраныс жоғары маусымда олардың құны 70–100 мың теңгеге дейін жетеді. Өйткені онда динамикалық баға белгілеу жүйесі қолданылады. Ал бізде билет бағасы жыл бойы тұрақты болып қалады”, – деді басқарма төрағасының орынбасары.
Бұған дейін премьер-министр Олжас Бектенов “Қазақстан темір жолы” компаниясының транзиттік тасымалдар саласындағы жұмысын сынға алған еді. Оның айтуынша, компания бекітілген көрсеткіштерді әлі де толық орындай алмай отыр. Жоспарланған 23 миллион тонна жүктің орнына небәрі 16 миллион тонна ғана тасымалданған.
Өз кезегінде премьер-министр транзиттік тасымалдар бойынша белгіленген жоспардың орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды. Оған қоса бұған ұлттық тасымалдаушы компанияның басшылығы жауапты екенін мәлімдеді.