Қарағұсова ұшуға қатысқан халықаралық экипаждың құрамында болды. Онымен бірге борта америкалық бизнесмен Джефф Элгин, инженер Клинт Келли III, стартаптың негізін қалаушы Аарон Ньюман, украиндық кәсіпкер Виталий Островский және аты-жөнін жарияламаған тағы бір жолаушы болды.
Зымыран Астана уақытымен 18:40-та АҚШ-тың Батыс Техас штатындағы ғарыш айлағынан ұшырылды. Ұшу шамамен 10–12 минутқа созылып, кеме 100 километр биіктікке дейін көтерілді. Бұл деңгей Кармандағы сызық деп аталатын, Жер мен ғарыш арасындағы шартты шекара болып есептеледі.
Қысқа мерзімді сапар барысында экипаж мүшелері бірнеше минут бойы салмақсыздық күйін сезініп, ғаламшарды биіктен бақылауға мүмкіндік алды. Ұшу сәтті аяқталып, капсула Техас шөліндегі белгіленген аймаққа қонды.
Дана Қарағұсова бұл миссияға қатысу арқылы Қазақстанның ғарыш саласындағы жаңа кезеңін ашты. Ол ғарышқа ұшқан алғашқы қазақстандық әйел ғана емес, сонымен қатар кәсіпкер, меценат және инновацияны қолдаушы тұлға ретінде елдің заманауи бейнесін әлемге танытты.
«Бұл тек жеке арманым емес, бүкіл Қазақстан әйелдері үшін тарихи оқиға. Ғарышқа ұшу – адамзат мүмкіндігінің шексіз екенін дәлелдейді», — деді Қарағұсова ұшудан кейінгі қысқаша брифингте.
Айта кетейік, Blue Origin компаниясы миллиардер Джефф Безосқа тиесілі және коммерциялық ғарыш туризмімен айналысатын әлемдегі ең ірі жобалардың бірі. Бұл — компанияның 36-суборбиталық миссиясы, ал New Shepard кемесі осымен жүзден астам жолаушыны ғарыштың шекарасына жеткізген.