Қазақстан – Орталық Азиядағы өмір сүру сапасы бойынша көшбасшы

CEOWORLD Magazine журналында жарияланған зерттеуге сәйкес, Қазақстан Human Progress Index кешенді индексінде 70-орынға ие болып, Орталық Азияда өмір сүру сапасы бойынша бірінші орында тұр. Бұл зерттеу әлем бойынша 250 мыңнан астам адам арасында жүргізілген сауалнама деректеріне негізделген, деп хабарлайды kznews.kz.
Индекстің алғашқы үштігіне Швейцария, Норвегия және Исландия кірген. Бұрынғы КСРО елдері арасында Қазақстан Балтық елдерімен (Эстония – 33, Литва – 39, Латвия – 41) және Ресеймен (59-орын) салыстырғанда төмен тұр. Алайда 78-орыннан 128-орынға дейінгі аралықта орналасқан ТМД елдерінің басым бөлігінен әлдеқайда жоғары.
Орталық Азия елдері аясында Қазақстанның көшбасшылығы айқын көрінеді: еліміз HPI индексі бойынша көршілері – Түрікменстан (96), Өзбекстан (108), Қырғызстан (119) және Тәжікстаннан (128) әлдеқайда жоғары орын алған.