life пен кайф: сақтандыру нарығы банк секторын басып оза ма?
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

Қазақстан Израиль тарапына мәдениетаралық диалог пен ұлтаралық бейбітшілікті орнату саласында “дәріс бере” алады - Момынқұлов

Қазақстан Израиль тарапына мәдениетаралық диалог пен ұлтаралық бейбітшілікті орнату саласында “дәріс бере” алады - Момынқұлов
Видеодан алынған кадр

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ицхак Герцог арасындағы кездесу Қазақстанның сыртқы саясатындағы жаңа сапалық кезеңді айқындады деуге болады. Бұл сапарды тек екіжақты қатынастар аясында қарастыру жеткіліксіз, бұл кездесу Қазақстанның өзгеріп жатқан жаһандық геосаяси архитектурадағы орнын қайта айқындауымен байланысты. Бұл пікірлі белгілі шығыстанушы-саясаттанушы Жанат Момынқұлов айтты, деп хабарлайды kznews.kz.

- Меніңше, бұл кездесудің басты мәні – “Ибраһим келісімдерінің” ауқымының кеңеюімен байланысты. Қазақстан осы үдеріске қосылған алғашқы араб емес, Орталық Азия мұсылман елі ретінде өзін тек өңірлік ойыншы емес, Таяу Шығыс, Орталық Азия және Батыс арасындағы өркениетаралық көпір мемлекет ретінде танытып отыр. Бұл бастама дәстүрлі көпвекторлы саясаттың жаңа деңгейге көтеріліп, жай ғана дипломатиялық баланс үшін ғана емес, өзгеріп жатқан өңірлер арасы байланыстар жүйесіне институционалды түрде қосылу деген сөз. Астананың тосын дипломатиялық жүрісі оның геосаясат тақтасындағы еркіндігі мен беделін арттырды, - деді сарапшы. 

Оның пайымынша, Астана бұл қадам арқылы сыртқы саясатты әртараптандырудың жаңа тетігін іске қосып отыр. Орта күш ретінде танылған Қазақстан үшін бұл АҚШ пен Израиль бағытында байланыстарды күшейте отырып, Ресей мен Қытаймен қатынастарды бұзбай, “жұмсақ теңгерім” саясатын жүргізудің көрінісі. Мұны Астана Иранмен де қатынастарды бұзбай жасап отырғаны қызықты парадокс. Бізге ғана тән қабілет. 

- Кездесу барысында тараптар екіжақты байланыстарды жаңа деңгейге шығаруға келісіп, сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін: тауар айналымын бірнеше есе арттыру, инвестициялық байланыстарды дамыту, тікелей әуе қатынасын жолға қою және қосарланған салық салуды болдырмау бағыттарын қарастырды. Бұл Қазақстанның Израиль-Парсы шығанағы-АҚШ экономикалық желілерімен жұмыс істеуге қызығушылығын көрсетеді.  

Сонымен қатар, келіссөздердің маңызды бағыты – жоғары технологиялар саласындағы әріптестік болды. Атап айтқанда, жасанды интеллект, киберқауірсіздік, ауыл шаруашылығы технологиясы, цифрландыру және инновациялық экожүйелерді дамыту мәселелері көтерілді. Меніңше, дәл осы бағыт ұзақ мерзімді стратегиялық маңызға ие, өйткені Қазақстан үшін шикізаттық даму моделінен Израиль сияқты білім мен технологияға негізделген экономикаға көшу басты міндеттердің бірі болып отыр. Ал Израиль технологияық күш ретінде кейбір салаларда даму моделі әрі сенімді әріптес бола алады, - деді Момынқұлов. 

Ол бұл сапардың дінаралық маңызы да зор екенін алға тартты. Кездесу барысында конфессияаралық келісім, мәдени әртүрлілік және бейбіт диалог құндылықтары атап өтілді. Бұл Қазақстанның халықаралық аренадағы бейбітшілік алаңы ретіндегі имиджін нығайтты. Қазақстан Израиль тарапына мәдениетаралық диалог пен ұлтаралық бейбітшілікті орнату саласында тәжіриесімен бөлісіп “дәріс бере” алады. 

- Жалпы алғанда, бұл сапар Қазақстанның сыртқы саясатындағы құрылымдық өзгерістерді көрсетеді. Ел тек көпвекторлы бағытты ұстанып қана қоймай, Орталық Азиямен шектелмей, әлемдік саясаттың пульсы болып саналатын Таяу Шығысқа жалғасқан жаңа геосаяси платформаларға белсенді түрде кірігуде. 

Осы тұрғыдан алғанда, Тоқаев пен Герцог кездесуі – екіжақты байланыстарды дамыта отырып, Орталық Азияның, түркі әлемінің жаңа жаһандық геосаяси конфигурацияларға қосылуының нақты көрінісі, - деді сайт тілшісіне сарапшы.

Автор
Азамат Қойшығара

М.Х.Дулати атындағы ТарМУ түлегі. Журналистика саласында 16 жылдан бері еңбек етіп келеді. Аймақтық, салалық, республикалық басылымдарда, интернет-порталдарда түрлі қызметтер атқарған. 2025 жылдан бері - kznews.kz сайтының тілшісі.