Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық қауіпсіздік, ядролық қарусыздану және жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау бағытындағы ынтымақтастықтың маңызын атап өтті, деп хабарлайды kznews.kz.
Кездесу барысында БҰҰ мен оның құрылымдарын реформалау мәселесі, сондай-ақ Иранның ядролық бағдарламасына қатысты жағдай талқыланған.
Президент Қазақстанның атом энергиясын тек бейбіт мақсатта пайдалануды қолдайтынын және бұл бағытта Халықаралық атом энергиясы агенттігі бақылауымен жұмыс істеуге дайын екенін растады.
Сонымен қатар жиында Қазақстанның ядролық қаруды таратпау саласында халықаралық деңгейде жоғары сенімге ие мемлекет екені айтылды. Елде ядролық материалдарды қауіпсіз пайдалануға қажетті инфрақұрылым мен ғылыми-техникалық база қалыптасқаны да атап өтілді.
Айта кетейік, әлемдегі аз байытылған уранды сақтайтын жалғыз банк Қазақстан аумағында орналасқан.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Ирандағы ядролық мәселені дипломатиялық жолмен шешуге қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді. Оның айтуынша, бұл үшін халықаралық деңгейде нақты келісімдер жасалып, тиісті қадамдар жүзеге асырылуы қажет.