Жоғары білікті мамандар үшін жаһандық деңгейдегі бәсеке күшейіп келеді. Қазіргі экономикалық өзгерістер мемлекеттерден жаңа дағдылар мен заманауи кадрлық саясатты талап етеді. Осы мәселе «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ алаңында өткен дөңгелек үстелде кеңінен талқыланды. Жиынға мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың, ғылыми және сарапшылық қауымдастықтың өкілдері қатысты. Олардың қатарында Халықаралық көші-қон ұйымы, «Астана» халықаралық қаржы орталығы, ҚР Президенті жанындағы Қазақстандық стратегиялық зерттеулер институты, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті және «Атамекен» ҰКП болды, деп хабарлайды kznews.kz.
Кездесу барысында қатысушылар Қазақстанның жоғары білікті мамандарды, халықаралық таланттар мен инвесторларды тартуға бағытталған көші-қон саясатын жетілдіру мәселелерін қарастырды. Сонымен қатар адами капиталды дамыту және көші-қон үдерістерін цифрландыру бағыттары сөз болды.
Талқылауда шетелдік капитал тарту тетіктерін жаңарту мен шетелдік мамандар, инвесторлар және кәсіпкерлер үшін Қазақстанда өмір сүруге және ұзақ мерзім жұмыс істеуге қолайлы орта қалыптастыруға ерекше назар аударылды.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ербол Тұяқбаев жаңа саясаттың негізгі мақсаты ішкі және сыртқы көші-қонды тиімді басқару, шетелдік адами капиталды тарту және көші-қон рәсімдерін толық цифрлық форматқа көшіру екенін айтты.
Оның сөзінше, жаңа бастамалар аясында “QazETA” бірыңғай цифрлық платформасы “e-Residency” модулімен бірге іске қосылады. Сондай-ақ “e-Residency Invest” бағдарламасы мен жоғары білікті мамандарға, инвесторлар мен кәсіпкерлерге арналған арнайы “Алтын виза” енгізу жоспарланған.
Ербол Тұяқбаев “Алтын виза” жаңа көші-қон саясатының басты құралдарының біріне айналатынын атап өтті. Бұл тетік стратегиялық инвесторлар мен ел экономикасына қажет мамандардың құқықтық мәртебесін ұзақ мерзімге бекітуге мүмкіндік береді. Аталған визаны 2026 жылдың соңына дейін енгізу көзделіп отыр.
Ұсынылған бастамалар сарапшылар тарапынан қолдау тапты. ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Экономикалық саясатты талдау бөлімінің басшысы Анна Альшанская бүгінде мемлекеттер адами капиталды тұрақты экономикалық өсудің негізгі факторларының бірі ретінде қарастырып, таланттар үшін күресті күшейтіп отырғанын айтты.
Оның пікірінше, Қазақстан өңірлік деңгейде білікті мамандарды тартатын орталыққа айналып, ішкі мобильділікті аумақтарды теңгерімді дамыту құралы ретінде пайдалана алады.
Халықаралық көші-қон ұйымының өкілдері де бастамаларға оң баға берді. Ұйым өкілдерінің айтуынша, икемді әрі ашық көші-қон жүйесін қалыптастыру Қазақстан үшін стратегиялық маңызы бар қадамдардың бірі.
ХКҚҰ миссиясы басшысының міндетін атқарушы Әлия Белоносова бұл шешім халықаралық таланттар мен инвестицияларды тартуға ғана емес, қазақстандық жастарды болашақ еңбек нарығына бейімдеуге де мүмкіндік беретінін жеткізді.
Дөңгелек үстел қорытындысында қатысушылар халықаралық тәжірибені ескере отырып көші-қон саясатын одан әрі жетілдіру, адами капиталды дамыту және мемлекеттік қызметтерді цифрландыру бағытындағы жұмыстарды жалғастырудың маңызын атап өтті.